Танымал бапкер Тұрсынғали Еділов Қазақстан мен Өзбекстан құрамаларының бірлескен оқу-жаттығу жиындарын сынға алды, деп жазады Sportbugin.kz.
Бапкердің пікірінше, бірлескен жаттығу жиындарын жоспарға сай деп өткізе беру дұрыс шешім емес. Мұндай дайындықтың пайдасынан гөрі зияны көп болуы мүмкін.
«Өзбектермен жиын өткізе берудің қажеті қанша? Не керек ол? Әр нәрсенің тиімділігі болуы керек. Сондықтан спортшыларға жеке бапкерлерімен жұмыс істеуге көбірек мүмкіндік берген жөн. Бірлескен оқу-жаттығу жиындары кей жағдайда боксшыларды текке шаршатады. Одан да әркім өз бағдарламасымен дайындалғаны дұрыс», — деді Еділов.
Сондай-ақ бапкер қазіргі таңда ұлттық құрама спортшыларына сергектік пен тың күш жетіспейді, ал бұл жиі ұйымдастырылатын бірлескен жиындардың салдары болуы мүмкін екенін жеткізді.
Айта кетейік, 2026 жылдың басынан бері Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары үш рет бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізді. Оның екеуі Түркістан облысындағы «Алматау» спорт базасында ұйымдастырылса, бір оқу-жаттығу жиыны Өзбекстанның Янгиабад кентінде өтті.
