Қытайдың Гуянг қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем кубогінің екінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасының алты боксшысы шаршы алаңға шықты. Нәтижесінде олардың төртеуі келесі кезеңге жолдама алды.
65 келідегі Санатәлі Төлтаев алғашқы жекпе-жегінде әзербайжандық Малик Хасановпен кездесті. Екінші раундта қарсыласы жарақат алып, қазақстандық боксшы келесі кезеңге өтті.
75 келідегі 1/8 финал аясында Тимур Нұрсейітов Ирландия өкілі Тадхг Одонеллмен жұдырықтасты. Төрешілер шешімімен отандасымыз 3:2 есебімен жеңіске жетіп, ширек финалға жолдама алды.
55 келідегі Тимур Қабдешов бразилиялық Келви Триндадпен қолғап түйістірді. Кездесу қорытындысы бойынша төрешілер 3:1 есебімен жеңісті бразилиялық боксшыға берді. Осылайша, қазақстандық спортшы Әлем кубогіндегі жарыс жолын аяқтады.
54 келідегі әлемнің үш дүркін чемпионы Назым Қызайбай Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, Оңтүістік Корея боксшысы Им Э Джимен күш байқасты. Қазақстандық боксшы қарсыласын 5:0 есебімен сенімді түрде жеңіп, келесі кезеңге өтті.
Лаура Есенкелді 70 келі салмақ дәрежесінде испаниялық Уния Мартинес Масты 5:0 есебімен жеңді. Енді ол әлем чемпионы әрі Азия ойындарының жеңімпазы Қытайдың тәжірбиелі боксшысы Ян Люмен кездеседі.
90 келідегі Нұрбек Оралбай ширек финал жолдамасы үшін әлем чемпионы, өзбекстандық боксшы Тұрабек Хабибуллаевпен жұдырықтасты. Тартысты кездесуде өзбек боксшысы 3:2 есебімен жеңіске жетіп, Оралбай жарыс жолын аяқтады.
Автор: Жанерке Есманова
