Қытайдың Гуянг қаласында бокстан Әлем кубогы жалғасып жатыр. Бұл күні Қазақстан құрамасының үш боксшысы шаршы алаңға шығып, олардың біреуі ғана келесі кезеңге жолдама алды.
60 келі салмақ дәрежесінде Серік Теміржанов АҚШ өкілі Салим Еллис Беймен сынға түсті. Жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті америкалық боксшыға берді, есеп — 5:0. Осылайша, Серік Теміржанов жарыс жолын аяқтады.
70 келіге дейінгі салмақта тәжірибелі Абылайхан Жүсіпов Бразилия боксшысы Кайан Рейеспен қолғап түйістірді. Қазақстан спортшысы қарсыласын 4:1 есебімен жеңді. Нәтижесінде Абылайхан ширек финалға жолдама алды.
80 келі салмақтағы Сабыржан Аққалықов әлем чемпионы, Өзбекстан өкілі Жавохир Умматалиевпен кездесті. Тартысқа толы айқаста Умматалиев 3:2 есебімен басым түсіп, жеңіске жетті.
Ажар Алина
