Боксшы Бекзад Нұрдаулетов Сабыржан Аққалықов пен өзбекстандық Жавохир Умматалиев арасындағы жекпе-жекке қатысты өз пікірін білдірді, деп жазады Sportbugin.kz.
«Сабыржанның жекпе-жегін шәкірттерімізбен бірге отырып қарадық. Өз ойым бойынша, екінші раундта да Сабыржан айқын басымдық танытып, 5:0 есебін тіркеді. Жаңа салмаққа ауысуы оған еш кедергі келтірмегені жекпе-жек барысында анық байқалды.
80 келі салмақтағы қазіргі әлем чемпионы Умматалиевке қарсы өте жоғары деңгейде өнер көрсетті. Басында жаңа салмаққа бейімделуі қалай болар екен деген ой болған еді. Дегенмен жекпе-жектен кейін бұл шешімнің дұрыс болғанына көзіміз жетті. Мен үшін бұл кездесуде Сабыржан жеңілген жоқ.
Алдағы уақытта Сабыржанға да, ұлттық құрамаға да сәттілік тілеймін», — деді Бекзад Нұрдаулетов.
Айта кетейік, Бекзад Нұрдаулетов – жартылай ауыр салмақта (81 келі) әлем және Азия чемпионы, Олимпиада ойындарының қатысушысы. Қазіргі таңда ол Маңғыстау облыстық бокс бойынша олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің басшысы қызметін атқарады.
