Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов Қазақстан мен Өзбекстан құрамаларының бірлескен оқу-жаттығу жиындарына қатысты пікір білдірді, деп жазады Sportbugin.kz.
Бұған дейін бапкер Тұрсынғали Еділов те бұл мәселеге назар аударған болатын. Оның пікірін қолдаған Ыбырайымов бірлескен жиындардың пайдасы бар екенін, алайда оны шамадан тыс көбейту дұрыс емес екенін атап өтті.
«Еділов ағайдың ұсынысымен келісемін. Өзбекстан құрамасымен арнайы оқу-жаттығу жиындарын өткізу, спаррингтер ұйымдастыру боксшылардың деңгейін көтеруге көмектеседі. Қазір Өзбекстан — әлемдегі ең мықты бокс мектептерінің бірі, сондықтан тәжірибе алмасу өте пайдалы.
Алайда үш айдың ішінде үш бірдей жиын өткізу артық сияқты. Спортшыларға тек спарринг емес, қалпына келу, техникалық-тактикалық дайындық және жеке қателіктермен жұмыс істеу де маңызды. Сол себепті жылына бір-екі бірлескен жиын жеткілікті», — деді ол әлеуметтік желідегі жазбасында.
Айта кетейік, биылғы жылдың басынан бері Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары үш рет бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізген. Оның екеуі Түркістан облысындағы «Алматау» спорт базасында, ал біреуі Өзбекстанның Янгиабад кентінде ұйымдастырылған.
