Қытайда өтіп жатқан Grand Prix турнирінде күміс жүлде иеленген Ғұсман Қырғызбаевтың жеке бапкері Ермек Насиев турнирді қорытындылады, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
«Хифуми Абэмен екінші рет кездестік. Ол — әлемдегі атақты әрі мықты дзюдошылардың бірі. Кездесу жоғары деңгейде өтті. Өкінішке қарай, Ғұсман финалда өз мүмкіндігін толық пайдалана алмады. Дегенмен, бұл турнирде ол өте жақсы күрес көрсетті. Финалға дейін өзінен бұрын басым түскен Бразилия мен Әзербайжан балуандарын жеңіп шықты. Жапондарға да есені қайтаратын күн алда.
Басты мақсатымыз — әлем чемпионаты мен Азия ойындарында мықтыларды жеңу. Бұл турнирді үлкен додаларға дайындық ретінде бағалаймыз», — деді бапкер Ермек Насиев.
Айта кетейік, Ғұсман Қырғызбаев ширек финалда әзербайжандық Руслан Пашаевтан басым түссе, жартылай финалда бразилиялық Рональд Лиманы сенімді түрде жеңіп, шешуші белдесуге шықты. Финалдық кездесуде жапониялық Хифуми Абэге есе жіберген болатын.
