Қазақстан күрес федерациясы Аллан Оралбекке қатысты ақпаратқа түсініктеме берді, деп жазады Sportbugin.kz.
Бұған дейін еркін күрестен 61 келі салмақта белдесетін Аллан Оралбекке байланысты допинг мәселесі туындағаны жөнінде ақпарат тараған болатын.
Аллан Оралбек Қазақстан кубогынан кейін ұлттық құраманың бірнеше оқу-жаттығу жиынына қатыспаған және рейтингтік турнирлерден де тыс қалды. Осы жағдай көпшілік арасында түрлі болжамдардың туындауына себеп болып, кейбірі оны допинг мәселесімен байланыстырды. Осыған байланысты Sportbugin.kz ресми ақпарат алу мақсатында Қазақстан күрес федерациясына сауал жолдады.
Федерацияның мәліметінше, Аллан Оралбек допинг сынамасын белгіленген мерзімде тапсырған және оған қатысты ешқандай тәртіптік жаза немесе шектеу қолданылмаған.
Сондай-ақ, спортшының соңғы оқу-жаттығу жиынына қатыспауы денсаулығына байланысты болған. Ол белгілі бір уақыт ауруханада ем қабылдаған. Қазіргі таңда Алланның жағдайы жақсы, алдағы күндері Баку қаласында өтетін оқу-жаттығу жиынына қосылатынын мәлімдеді.
