Қытайдың Циндао қаласында дзюдодан әлемдік Grand Prix турнирі аяқталды, деп жазады Sportbugin.kz.
Қазақстан құрамасы бәсекені бір ғана күміс медальмен қорытындылады. Турнирдің алғашқы күні жанкүйерлер Елдос Сметовтың үзілістен кейінгі жекпе-жектерінк куә болды.
Олимпиада чемпионы 60 келі салмақта ширек финалға дейін жетіп, кейін қола медаль үшін белдесуде жеңіліс тапты.
Ал 66 келіде өнер көрсеткен Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев финалға дейін сүрінбей, күміс медаль иеленді. Бұл Қазақстан құрамасының турнирдегі жалғыз жүлдесі екенін айта кеткен жөн.
Әйелдер арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Абиба Әбужақынова алғашқы белдесуінде жеңіліп, жарысты ерте аяқтады. Сондай-ақ, Бақыт Құсақбаева да жүлдеге қол жеткізе алмады.
Екінші жарыс күні қазақстандық дзюдошылардың ешқайсысы ширек финалға жеткен жоқ.
73 және 81 келі салмақ дәрежелерінде белдескен Ерсұлтан Дүйсехан, Бақытжан Әбдірахманов, Әділет Алмат және Абылайхан Жұбаназар жарысты мерзімінен бұрын аяқтады.
Әйелдер арасында Ажар Асхат пен Мөлдір Нарынова да алғашқы белдесулерінде жеңіліс тапты.
Үшінші, қорытынды жарыс күнінде де қазақстандық балуандар жүлдеге іліге алмады. Ерлер арасында Даниил Крылов, Аида Тойшыбекова, Аруна Жангелдина, Назгүл Маратова мен Екатерина Токарева да медаль үшін таластан тыс қалды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Циндаодағы әлемдік Grand Prix кезеңін бір күміс медальмен аяқтады. Ұлттық құрама сапынан Ғұсман Қырғызбаев қана жүлдегерлер қатарынан көрініп, ел қоржынына жалғыз медаль салды.
