Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Kazakhstan Open турнирінде топ жарды, деп жазады Sportbugin.kz.
Астанада таеквондодан өткен Kazakhstan Open халықаралық рейтингтік турнирі өз мәресіне жетті. Үш күнге созылған байрақты бәсекеде жасөспірімдер арасындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
Қазақстан жасөспірімдер құрамасы 16 алтын, 19 күміс және 38 қола медаль жеңіп алды. Осылайша, ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Ресей құрамасы екінші орыннан көрінсе, үздік үштікті Өзбекстан құрамасы түйіндеді.
Биылғы додаға әлемнің 27 елінен 1100-ден астам спортшы қатысты. Алғашқы жарыс күні ересектер сынға түссе, екінші күні жастар арасындағы жеңімпаздар анықталды. Турнирдің қорытынды күнінде жасөспірімдер өзара мықтыны анықтады.
Айта кетейік, Kazakhstan Open — World Taekwondo ұйымының ресми күнтізбесіне енгізілген G-1 санатындағы халықаралық рейтингтік турнир саналады. Бұл жарыс спортшыларға әлемдік рейтинг ұпайларын жинауға мүмкіндік береді.
