Волейболдан Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Жанна Сыроешкина мансабын Чехияда жалғастырады, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
27 жастағы волейболшы Чехияның 16 дүркін чемпионы атанған «VK Prostějov» клубымен келісімшартқа қол қойды.
Сыроешкина соңғы екі маусымда петропавлдық «Қуаныш» сапында өнер көрсетіп, Қазақстан чемпионатының күміс және қола жүлдесін жеңіп алған болатын.
Бұған дейін Жанна Сыроешкина «Алматы», «Алтай», Түркияның «Михалчикспор» клубтарында ойнаған. Ал 2024 жылы «Тұран» құрамында Қазақстан чемпионы атанды.
Айта кетейік, Жанна Сыроешкина 2018 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғап келеді.
