Жасөспірімдер Олимпиадасына тек үш қазақстандық боксшы жолдама алды, деп хабарлайды Sportarena.kz сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
Наурыз айында алғаш рет ұйымдастырылған 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Futures Cup турниріне әлемнің 78 елінен 500-ге жуық былғары қолғап шебері қатысты. Бұл жарыс 2026 жылы Дакарда өтетін жасөспірімдер Олимпиадасына іріктеу кезеңдерінің бірі саналды.
Қазақстанның ерлер және қыздар құрамалары жарысты жоғары деңгейде өткізіп, жалпы есепте 4 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль иеленді. Медаль саны бойынша отандастарымыз тек Өзбекстан құрамасына ғана есе жіберді.
Алайда Халықаралық Олимпиада комитеті бекіткен квоталық жүйеге сәйкес, Азия құрлығына барлығы 30 жолдама бөлінген. Соның нәтижесінде Қазақстан құрамасына небәрі үш лицензия бұйырды. Ел намысын Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасында 70 келіде Бибарыс Әшірбай; 54 келіде Марал Төлепберген; 57 келіде Ақнұр Тұрсынғали қорғайды.
Бұған дейін Futures Cup турнирінде Қазақстан құрамасы сапында алтын медаль жеңіп алған Айдана Убайдуллақызы (80 кг), Досжан Жұмахан (60 кг) және Хамза Мақсатұлы (75 кг) Олимпиадаға қатыса алмайды. Себебі олардың салмақ дәрежелері бойынша берілген квоталар басқа мемлекеттердің еншісіне бұйырған.
Айта кетейік, 2026 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасы 31 қазан мен 13 қараша аралығында Сенегалдың Дакар қаласында өтеді.
