Астана қаласының соты Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновті мас күйде көлік жүргізгені үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Іс материалдарына сәйкес, спортшы қатарынан үш жол-көлік оқиғасына қатысқан.
Алдымен оның көлігі жерасты автотұрағына кіреберістегі құрылысқа соғылған. Кейін екі автокөлікпен соқтығысқан. Соққы салдарынан Kia Sportage көлігі Toyota Hilux автокөлігіне соғылып, нәтижесінде барлық көлік механикалық зақым алған.
Соттың мәліметінше, Елеусіновтің мас күйде болғаны медициналық куәландыру қорытындысымен расталған. Ал жол апатының мән-жайы бейнебақылау камераларындағы жазбалар және өзге де іс материалдары арқылы дәлелденген.
Құқық бұзушылық жасағаны үшін Данияр Елеусіновке 20 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
