Олимпиада чемпионы Ахмед Тажудинов Венгрияда өтетін халықаралық рейтингтік турнирге қатысады, деп жазады Sportbugin.kz.
Бұған дейін Тажудиновтың жарақатынан толық айықпағаны айтылып, жарысқа қатыспауы мүмкін деген ақпарат тараған еді. Алайда Біріккен күрес әлемі (UWW) оның турнирге қатысатынын ресми түрде растады.
Осылайша, 97 келіге дейінгі салмақта турнирдің басты фавориттері ретінде екі балуан — Қазақстан құрамасының көшбасшысы Ризабек Айтмұхан мен Олимпиада чемпионы Ахмед Тажудинов саналып отыр. Сондықтан жанкүйерлер бұл жарыста қос балуанның кезекті текетіресін тағатсыздана күтуде.
Ризабек Айтмұхан 2025 жылдың қараша айына дейін Тажудиновтан екі рет жеңілгенімен, кейін Ислам ынтымақтастығы ойындарының жартылай финалында қарсыласын 15:3 есебімен айқын жеңіп, есе қайтарған болатын.
Енді Будапешттегі рейтингтік турнирде Ахмед Тажудиновтың реванш алуға тырысатыны анық.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы бұл рейтингтік турнирге жалпы 58 балуанның қатысатынын мәлімдеді. Олардың қатарында әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан да бар.
