Күрес түрлерінен Астанада өткен Қазақстан чемпионаты жанкүйерлерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Бас бапкер Мадияр Құрамысов маңызды турнирді қорытындылап, Bassport.kz тілшісіне сұхбат берді.
— Мадияр ағай, ел чемпионаты көңіліңізден шықты ма?
— Иә, ұйымдастырылуы өте жоғары деңгейде болды. Бұрын ел біріншілігіне дәл бұлай көңіл бөлінбейтін. Әлемдік жарыстардан кем өткен жоқ.
— Бірнеше салмақта жаңа есімдердің бағы жанды. Жас спортшылардан кімдер ұнады?
— 57 келіде топ жарған Ерасыл Мұхтарұлын ерекше атап өткім келеді. Бұл олимпиадалық салмақ болған соң, оған лицензиялық Азия чемпионатында сенім артамыз. 86 келіде чемпион атанған Нұржан Исағалиевтің де күресі бұрыннан ұнайтын. 65 келіде жеңіске жеткен маңғыстаулық жас балуан да жаман емес.
— Демек, олимпиадалық салмақта жеңімпаз атанғандар жолдамаға таласады ғой?
Иә. Осы ел чемпионатында олимпиадалық салмақ бойынша жеңіске жеткендер Бішкектегі лицензиялық Азия біріншілігіне қатысып, Париж Олимпиадасының жолдамасын алуға тырысады.
— Дәулет Ниязбеков бұрын өзі күрескен 65 келі салмақта Санжар Мұхтарға мүмкіндік берілсе деген ойын айтты…
— Әрине, бәрі де есепте. Бірақ лицензиялық турнирге тек алтын алған балуандар барады.
— Айтпақшы, Олимпиада қарсаңында ресейлік легионер қалай пайда болды?
— Легионердің қайдан келгенін білмеймін. Шымкенттік жігіттер алып кепті. Солардан сұраңыздар. Өздері де қашқақтап, көп нәрсе айтпайды.
— Начын Куулар мен Санжар арасындағы белдесу нәтижесіне күмән келтіріп жатқандар көп…
Аздап қысып жібергені рас. Начынның күресін көрдім. Ол Ресей чемпионатында үштікте жүрген, 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында жеңіске жеткен балуан. Бірақ бұрынғы бабын жоғалтып алған екен. Бұрынғыдай емес…
— Енді ол ұлттық құрамаға шақырыла ма?
Иә, ел чемпионатында үздік үштікке енгендер құрамаға шақырту алады. Начынды спарринг әріптес ретінде көреміз.
— Ризабек пен Әлішердің күресіне қатысты не айтасыз?
— Негізі, балуанға салмақ ауыстыру үшін уақыт қажет. Бірақ Ризабек осы уақыт аралығында бұл салмаққа бейімделіп үлгерген екен. Әлішер соңына дейін күресетін мінезді жігіт. Сондықтан, оның жеңісі кездейсоқ емес. Физикалық тұрғыдан басымдық көрсетті. Ризабектің ұтылғаны дұрыс болды. Енді бұдан да мықты болуға тырысады. Намысқа тырысады.