Қазақстан құрамасының дзюдошылары Тайбэй қаласында өткен Asian Open турнирін сәтті аяқтады, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Ұлттық құрама спортшылары жарыс қорытындысы бойынша сегіз медаль иеленді.
Жарыста Қазақстан құрамасына екі алтын медаль бұйырды. 73 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Мәди Жеткерген және 100 келіден жоғары салмақтағы Санжар Жаббаров турнир жеңімпазы атанды.
Күміс жүлдені 66 келіге дейінгі салмақта Мейірбек Байзақов және 52 келіге дейінгі салмақта Айшабибі Мурадимова еншіледі.
Ал қола жүлдегерлер қатарында Асылхан Зинуллин (60 келіге дейін), Нұрсұлтан Зайзағалиев (66 келіге дейін), Мәди Еділбаев (100 келіден жоғары) және Аяна Дүйсенбай (48 келіге дейін) бар.
Командалық есепте Қазақстан құрамасы үшінші орынға тұрақтады. Бірінші орынды Оңтүстік Корея құрамасы иеленді. Екінші орын Жапония құрамасына бұйырды.
