Бокстан жастар құрамасының бас бапкері Бақыт Сәрсекбаев Джакартада өткен U19 Азия чемпионатының нәтижесіне көңілі толмайтынын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz сайтына сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
Қазақстандық боксшылар құрлық додасында 2 алтын, 4 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Алайда бас бапкер бұл көрсеткішті құрама үшін аз деп санайды.
«Көңілім толмайды. Біз үшін бұл өте аз. Біздің одан да көп алуға қауқарымыз жетеді. Бап шапқанымен, бақ шаппаса қиын екен. Иә, бәріміз көріп, күйіп-пістік. Кейбір балалардың жеңісін көзімізді бақырайтып қойып ұрлады.
Апелляция, шағым түсіруге тыйым салынған. Ал өз басым біздің федерацияның бір де бір өкілін және Головкинді, басқаларын да көрмедім», — деді бас бапкер.
Айта кетейік, Индонезияның Джакарта қаласында 3-16 шілде аралығында U19 және U23 санаты бойынша Азия чемпионаты өтті.
