Қазақстан күрес федерациясында соңғы алты айдың ішінде медиа бағытқа жауапты команда үш рет ауысты, деп жазады Sportbugin.kz.
Алғашында бұл қызметті Азиз Оразбаев бастаған команда атқарған. Кейін федерацияның жаңа вице-президенті Нұраддин Садықовтың келуімен медиа бағыт та толық жаңарып, бұл қызметке Исатай Мәди жетекшілік ететін жаңа құрам тағайындалды. Алайда арада небәрі екі ай өткенде бұл команда да қызметінен кетіп, оның орнына тағы бір жаңа медиа құрам жұмысқа кірісті.
Исатай Мәдидің айтуынша, ол федерацияға нақты стратегиямен және жүйелі жоспармен келген. Екі ай ішінде жұмыстың іргетасы қаланып, бірқатар жобалар қолға алынғанымен, оларды толық жүзеге асыруға мүмкіндік пен уақыт болмаған.
Айта кетейік, федерациядағы кадрлық өзгерістер тек медиа бағытпен шектеліп отырған жоқ. Соңғы уақытта өңірлік федерациялардың басшылары мен вице-президенттер арасында жаңа тағайындаулар жиілеп тұр.
