Таеквондодан Қырғызстан ұлттық құрамасы алаяқтық салдарынан Моңғолияда өтіп жатқан Азия чемпионатына уақытында аттана алмай қалды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Бұл туралы Қырғызстан ITF таеквондо федерациясының вице-президенті Сардор Рахимшайхов мәлімдеді.
Оның айтуынша, ұлттық құрама бүгін жарысқа тіркеуден өтуі тиіс болған. Ал чемпионат ертең басталады. Алайда Алматы — Бейжің — Ұлан-Батыр бағытына алдын ала төлем жасалған әуе билеттері іс жүзінде сатып алынбағаны анықталып, спортшылар рейске жіберілмеген.
Федерация мәліметінше, әуе билеттерін рәсімдеуге 2 миллион сомнан астам қаражат аударылған.
«Бұл Азия чемпионатына жарты жылдан астам уақыт дайындалдық. Қазір турнирге қатысу мүмкіндігіміз өте аз болып тұр», — деді Сардор Рахимшайхов.
Осыған байланысты Қырғызста таеквандо федерациясы туроператорларға, әуе компанияларына және ел басшылығына көмек сұрап үндеу жасады.
Сондай-ақ Халықаралық және Азияның ITF таеквондо федерациялары Қырғызстан құрамасына тіркелу мерзімін ертеңге дейін ұзартуға дайын екенін мәлімдеген. Егер мәселе шұғыл шешілсе, қырғызстандық спортшылар құрлық біріншілігіне қатысу мүмкіндігін сақтап қалуы мүмкін.
