Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданындағы Луговая станциясында 25 жастағы спортшы Ахмет Дүкенбай қаза тапты, деп жазады Sportbugin.kz.
Оқиға 1 тамызға қараған түні болған. Марқұм спортшыны өз үйінің маңында бірнеше мәрте оқ тиіп, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер оның өмірін аман алып қала алмаған.
Жақындарының айтуынша, бұл қылмыс ұйымдасқан топтың әрекеті болуы мүмкін. Әпкесі Зарина Дүкенбаеваның сөзінше, Ахметке бұған дейін белгілі бір адамдардың қатарына қосылу ұсынылғанымен, ол одан бас тартқан.
Ал жұбайы Алтынай Боранбай спортшының қайғылы оқиғаға дейін өзіне қауіп төніп тұрғанын айтып, отбасына сақ болуды ескерткенін жеткізді. Әкесі Серік Дүкенбайұлы отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қорғау беруді сұрады.
Жамбыл облысы полиция департаменті аталған дерек бойынша адам өлтіру фактісімен сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
