Пуэрторикалық боксшы Притчард Колон 33 жасында өмірден өтті. Бұл туралы 13 тамызда спортшының әкесі Ричард Колон хабарлады, деп жазады Sportbugin.kz.
Колонның өмірі 2015 жылдың қазан айында түбегейлі өзгерді. Ол Террелл Уильямспен жекпе-жек барысында қарсыласынан бірнеше тыйым салынған соққы алды. Жекпе-жектен кейін Колон киім ауыстыратын бөлмеде есінен танып, миына қан құйылу диагнозымен шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді.
Боксшы 221 күн комада жатты. Комадан шыққаннан кейін оның жүйке жүйесіне ауыр зақым келіп, ұзақ жылдар бойы отбасының тұрақты күтіміне мұқтаж болды. Ата-анасы ұлының күтімі мен оңалуына бірнеше жылын арнады.
Кәсіби мансабында өткізген 16 жекпе-жектің барлығында жеңіске жетіп, оның 13-ін нокаутпен аяқтаған.
2021 жылы Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) Притчард Колонға құрметті әлем чемпионы мәртебесін берді.
