Қазыбек Қалмағамбетов Словакияда өтіп жатқан U20 әлем чемпионатында грек-рим күресінен алтын медаль жеңіп алды, деп жазады Sportbugin.kz.
67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында қазақстандық балуан Беларусь өкілі Михаил Марковскиймен белдесті. Қазыбек қарсыласын 13:7 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атанды.
Қазақстандық балуан алғашқы белдесуінде Германия өкілі Себастьян Вагнерді 9:0 есебімен жеңді. 1/8 финалда АҚШ спортшысы Эмрин Наттермен белдесуі 1:1 есебімен аяқталғанымен, Қалмағамбетов қосымша көрсеткіштер бойынша келесі кезеңге өтті.
Одан кейін ол Мысырдың U23 әлем чемпионы Мохамед Абдельрахимнен 4:1 есебімен басым түсті.
Жартылай финалда Қазыбек Венгрия спортшысы, U20 Еуропа чемпионатының жеңімпазы Петро Житовозды 7:5 есебімен ұтып, финалға жолдама алды.
Осылайша, Қазыбек Қалмағамбетов әлем чемпионатындағы бес белдесуінің барлығында жеңіске жетіп, Қазақстан қоржынына алтын медаль салды.
