IBA әлем чемпионатында жүлде алған қазақ боксшыларына тиесілі сыйақы төленді, деп жазады Sportbugin.kz.
Бұл мәселені Sportbugin.kz сайты алғашқылардың бірі болып көтеріп, Халықаралық бокс қауымдастығына (IBA) сауал жолдаған болатын.
Редакция сауалына IBA президенті Умар Кремлевтің көмекшісі Елена Соболь жауап беріп, боксшыларға тиесілі қаражаттың Қазақстан бокс федерациясына әлдеқашан аударылғанын айтты.
Осыдан кейін Sportbugin.kz. Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысына хабарласып, қаражаттың спортшыларға қашан берілетінін сұрады. Федерация өкілі мәселе жақын арада шешілетінін жеткізді.
Нәтижесінде, бірнеше ай бұрын федерацияға аударылған қаражат боксшыларға төленді.
Алайда бұл жерде маңызды сұрақ ашық күйінде қалып отыр: егер IBA тарапынан спортшыларға арналған сыйақы бірнеше ай бұрын федерацияға аударылған болса, қаражаттың боксшыларға не себепті сонша уақыт бойы берілмей келгені түсініксіз.
