Ташкентте өтіп жатқан III Орталық Азия чемпионатының алғашқы жарыс күні аяқталды, деп жазады Sportbugin.kz.
Бірінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасы 4 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды.
Алғашқы алтынды Ұлболсын Есіркеп найза лақтырудан иеленді. Ол 38,85 метр нәтижемен топ жарды.
Екінші алтынды Юлия Башманова 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден жеңіп алды. Қазақстандық спортшы 13,75 секунд нәтижесімен маусымдағы жеке үздік көрсеткішін жаңартты. Тағы бір отандық атлет Антонина Чернышова 14,58 секунд көрсеткішімен қола жүлдеге ие болды.
Үшінші алтынды Алина Чистякова ұзындыққа секіруден алды. Ол 6,10 метрге секіріп, бірінші орынға жайғасты. Ал отандасымыз Анастасия Рыпакова 6,09 метр нәтижемен күміс медаль еншіледі.
Төртінші алтын Виктория Анға бұйырды. Қазақстандық атлет 100 метрді 11,85 секундта жүгіріп өтіп, жеңімпаз атанды.
Сонымен қатар, Қазақстан қоржынына тағы екі қола медаль түсті. Ақбілек Құралбай 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден 10:51,59 секунд нәтижемен үшінші орын алды. Ал Давид Ефремов 110 метрге кедергілер арқылы жүгіруден 14,12 секунд көрсеткішпен қола жүлдеге ие болды.
Айта кетейік, Ташкенттегі Орталық Азия чемпионаты 25 тамызға дейін жалғасады.
