Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Ермек Иманбековтің 65 жылдық мерейтойына шәкірттері көлік сыйлады, деп жазады Sportbugin.kz.
Азамат Мұқанов, Ғұсман Қырғызбаев, Айбек Имашев бастаған шәкірттері ұстазына автокөлік мінгізіп, құрмет көрсетті.
Ермек Иманбековтің жетекшілігімен Қазақстан балуандары Олимпиада, әлем және Азия додаларында жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Соның ішінде 2015 жылы Астанада өткен әлем чемпионатында Елдос Сметов алтын, Рустам Ибраев күміс медаль иеленіп, әлем біріншілігінің финалында алғаш рет екі қазақстандық балуан белдесті. Ал 2013 жылғы әлем чемпионатында Азамат Мұқанов күміс жүлдеге ие болды.
2014 жылғы Инчхон Азия ойындарында да Қазақстан құрамасы 4 медаль жеңіп алды. Елдос Сметов чемпион атанса, Максим Раков күміс жүлдегер болды. Сондай-ақ 2016 жылғы Рио Олимпиадасында Елдос Сметов күміс жүлдеге ие болды.
