Қазақстан ерлер құрама командасы XX қысқы Сурдлимпиада ойындарында классикалық шахматтан 10 ұпай жинап, қола медальға ие болды. Ал жарыстың алтын жүлдесін 12 ұпай жинаған Хорватияның спортшылары жеңді, күміс медаль 11 ұпай жинаған Польша командасына бұйырды.
Ұлттық құрама сапында Қожахметов Сұлтан, Кеттебеков Самажан, Рожков Максим, Наурызғалиев Амангелді, Пернеев Мейрман және Максименко Виктор ойнады.
«Классикалық шахматтан жарыс қызу өтті, қарсыластарымыз осал болмады. Ойын барысында еліміздің спортшылары Италия, Германия және Сербия құрама командаларын жеңіп, Украина мен Польша командаларымен тең ойнап, тек Хорватия командасына есе жіберген болатын. Жарыс нәтижесінде командамыз 7 турдан өтіп, он үш команда арасында үшінші орынға тұрақтады», — деді шахматтан аға жаттықтырушы Елдос Күзербаев.
Айта кетейік, XX қысқы Сурдлимпиада ойындары Түркияның Эрзурум қаласында 2-12 наурыз аралығында өтті. Жарысқа шахматтан, сноубордтан және шаңғы жарысынан 26 қазақстандық спортшы қатысты.