Көшпенділер ойынынан кейін Астанада көкпардан ұлттық құрама өкілдерімен жарыс нәтижесі талқыланды. Бұл туралы Көкпар федерациясының басшысы мәлімдеді, деп жазады Sportbugin.kz.
«Неге қарсыласқа жол бердік? Қай тұста қателестік? Қандай сабақ алдық? Енді нені өзгертеміз? Әңгіме осы төңіректе болды.
Федерацияның жұмысына, ұлттық құрамаға көмектесеміз, бірге жұмыс істейміз деген азаматтарға бұған дейін де «жоқ» деген емеспіз. Бұдан кейін де есігіміз ашық. Ең бастысы, ниет дұрыс болсын!
Бір нәрсе анық: нәтиже үшін жауапкершілікті өзімізге аламыз. Артық әңгіме де, сылтау да жоқ. Жеңілістің себебін сырттан іздемейміз. Керісінше, осы нәтижеден дұрыс қорытынды шығарып, ұлттық құраманың дайындығын, аттарды іріктеу мен жаттықтыру жүйесін, жарыс алдындағы жұмысты одан әрі күшейтуіміз керек», — деп жазды Айдарбек Ходжаназаров.
