Баскетболшы Рустам Мырзағалиев спорттық мансабын аяқтағанын мәлімдеді, деп жазады Sportbugin.kz.
Бұл туралы спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
«Бүгін мен үшін қиын шешім қабылдап, кәсіби спортшы ретіндегі мансабымды аяқтайтынымды жариялап отырмын. Мен өмірімнің көп бөлігін баскетболға арнадым. Спорттағы жолым туған қалам — Алматыдан басталды. Алғашқы жаттықтырушым Максим Ахметұлы Рахимов болды», — деді Рустам Мырзағалиев.
Ол мансабындағы маңызды кезеңдердің бірі «Астана» клубымен байланысты болғанын атап өтті. Сондай-ақ Мырзағалиев Қазақстан ұлттық құрамасының сапындағы кезеңін ерекше атап өтті.
«Ұлттық құрама сапында бірде-бір турнирді жіберіп алған емеспін. Ұлттық команданың жейдесін кигенде де, клуб сапында алаңға шыққанда да бар күшімді салуға тырыстым», — деді ол.
Баскетболшы мансабының қалыптасуына үлес қосқан ата-анасына, жаттықтырушыларына, ойыншыларға алғысын білдірді.
