Астанада ауқымды көгалдандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл елордада 1,1 миллионнан астам жасыл желек отырғызу жоспарланған. Жұмыс қаланың барлық ауданында жүргізіліп, көшелердің бойына, саябақтар мен скверлерге, қоғамдық кеңістіктер мен қалалық инфрақұрылым нысандарының аумақтарына жаңа ағаштар, бұталар мен гүлдер отырғызылуда, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Қазір елордада 4 миллионнан астам жасыл желек бар. Ал «Жасыл белдеу» аумағында шамамен 14 миллион ағаш пен бұта өсіп тұр. Қалада жыл сайын кемінде 1 миллион ағаш, бұта және гүл отырғызылады.
2026 жылы 70 мың ағаш, 600 мыңнан астам сәндік-гүлді бұта, 40,5 мың қоршау жасауға арналған өсімдік және 400 мыңнан астам көпжылдық гүл отырғызу жоспарланған.
Жыл басынан бері 700 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды. Оның ішінде 21 мың ағаш, 303,4 мың сәндік-гүлді бұта, 28 мың қоршау өсімдігі, 130,7 мың бұта және 249,2 мың көпжылдық гүл бар. Күзде көгалдандыру жұмыстары жалғасады.
Өсімдіктерді таңдауда елорданың климаттық жағдайы ескеріледі. Негізінен үйеңкі, жасыл шетен, ұсақ жапырақты қарағаш, қызыл тал және сирень секілді өсімдік түрлері отырғызылуда.
Көгалдандыру жұмыстары саябақтар мен скверлерде ғана емес, қаланың негізгі магистральдары бойында да жүргізілуде. Атап айтқанда, Tarlan Astana желісі, Сығанақ және Қабанбай батыр көшелері бойында жаңа көшеттер отырғызылып жатыр. Кейбір учаскелерде мыңдаған ағаш отырғызып, жаңа жасыл аймақтар құру көзделген.
Greenline жаяу жүргіншілер бульварының екінші кезеңі аумағын көгалдандыру жұмыстары да жалғасуда. Мұнда жаңа серуендеу бағыттары, жасыл кеңістіктер, спорттық және ойын алаңдары құрылып жатыр.
Есіл өзенінің бойында Президент саябағы, Бейбітшілік және келісім саябағы, Триатлон саябағы және басқа да демалыс орындарын қамтитын саябақтар кластері қалыптасуда. Есіл жағалауын көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары да жалғасып жатыр.
«Есіл» ауданындағы жасыл қорда шамамен 240 мың ағаш, 600 мыңға жуық бұта, 65 мың шаршы метр гүлзар, 5 миллион шаршы метр көгал және 117 мыңнан астам метр қоршау өсімдіктері бар.
Жыл басынан бері бұл ауданда 40 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды. Керей-Жәнібек хандар, Ұлы Дала, Қабанбай батыр және басқа да көшелердің бойында кешенді көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. EXPO саябағы, ҚТЖ сквері және «Әл-Фараби» мешіті маңындағы аумақтар да көгалдандырылды.
«Байқоңыр» ауданында жыл басынан бері 2 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды. Күзде Абай даңғылы мен Кенесары, Пушкин және Ж. Тәшенов көшелеріне тағы шамамен 500 ағаш пен бұта отырғызу жоспарланып отыр.
Өткен жылғы көшеттердің алғашқы нәтижелері де байқала бастады. Ж. Тәшенов көшесіндегі скверге былтыр отырғызылған 80 алма және алмұрт ағашы жерсініп, биыл алғашқы жемісін берген.
«Сарайшык» ауданында 2 357 ағаш және 18 577 сәндік-гүлді бұта отырғызылды.
Сарыарқа ауданында жыл басынан бері 330 мыңнан астам жасыл желек, біржылдық және көпжылдық гүлдер, бұталар, сондай-ақ 1 700-ден астам ағаш отырғызылды. Құмісбеков көшесін көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінді. Мұнда қарағай, қарағаш және сиреньді қоса алғанда, 500-ден астам ағаш пен 2 400-ден астам бұта отырғызылды.
Сонымен қатар Кенесары көшесінде локалды суару жүйесімен бірге ауқымды көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. «Көктал» саябағы мен аудан аумағындағы тұрғын алаптарда да жұмыстар жалғасуда.
«Алматы» ауданында да көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудан аумағында 97,7 мыңнан астам ағаш, 67,9 мың бұта, 28,2 мың метр қоршау өсімдіктері және 1,7 миллион шаршы метр көгал бар.
2025 жылы мұнда 8 мыңнан астам ағаш, 26 мың бұта отырғызылып, 20 мың шаршы метрден астам көгал және 768 метр қоршау жасалды. Ал 2026 жылы 130 мыңнан астам жасыл желек отырғызу жоспарланған. Оның ішінде ағаштар, сәндік-гүлді бұталар, көпжылдық гүлдер мен дәнді дақылдар бар. Сондай-ақ көгал төсеу және жасыл аймақтарды абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
Егер 2025 жылы негізгі басымдық ағаш отырғызуға берілсе, биыл жасыл кеңістіктердің бірыңғай эстетикалық келбетін қалыптастыруға ерекше назар аударылуда. Ол үшін көпжылдық гүлдер, сәндік бұталар, көгалдар мен альпілік төбешіктер пайдаланылуда.
«Нұра» ауданында соңғы жылдары 24,5 мың ағаш және 277 мыңға жуық сәндік әрі гүлдейтін бұта отырғызылды. Жыл соңына дейін мұнда тағы 8,5 мыңнан астам ағаш және 132 мыңнан астам бұта отырғызу жоспарланған.
Жаңа табиғи аумақтарды көгалдандыру жұмыстары да жалғасуда. Кіші Талдыкөл аумағында осы күзде ағаштар мен басқа да жасыл желектерді отырғызудың алғашқы кезеңі басталады. Бұл ретте қолданыстағы ландшафт пен табиғи ортаны барынша сақтау көзделген.
Бұған дейін қалыптасқан жасыл қорды күтіп-баптауға да ерекше мән берілуде. Атап айтқанда, суару, зиянкестер мен ауруларға қарсы өңдеу, тыңайтқыш енгізу, суару жүйелерін қалпына келтіру және басқа да агротехникалық жұмыстар жүргізіледі. Бұл тәсіл отырғызылған көшеттердің санын арттырып қана қоймай, олардың жерсінуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осылайша, Астанадағы көгалдандыру жұмыстары көшелер мен аулалардан бастап, саябақтар, бульварлар және «Жасыл белдеуге» дейінгі бірыңғай жасыл аумақтар жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Биыл елордада 1,1 миллионнан астам жаңа жасыл желек пайда болады.
Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың қалалық инфрақұрылымын дамыту, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта елорданың барлық алты ауданында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Соңғы жылдары Астанада шамамен 500 қоғамдық және аулалық кеңістік абаттандырылды.
