Еркін күрес маманы Асқар Бақбергенов ұлттық құрамаға шетелдік бапкерлерді шақырған ҚР күрес федерациясын қатал сынға алды, деп жазады Sportbugin.kz.
Бақбергеновтің айтуынша, еркін күрестен еліміздің бапкерлер құрамы әлсіз. Тәжірибесі аз болғандықтан, Данияр Қайсанов бастаған жаттықтырушылар Дағыстан мен Осетиядан мамандар шақыруда.
«Еркін күрестен Қазақстан құрамасының алдағы әлем чемпионатында жақсы өнер көрсетеріне сенім аз. Азия ойындарына негізгі құрамды қойып отыр. Олардың біразы әлем біріншілігіне қатыспауы мүмкін. Тек, Ризабек Айтмұхан екі ірі додада бақ сынап қалар.
Қазір ұлттық құрамада негізінен жас мамандар тізгін ұстап отыр. Сондықтан, талантты жігіттерді жарысқа қалай дайындап әкелетіні күмән туғызады. Руслан Өмірәлиев сынды күрестің майын ішкен ағаларымыз бас құрамада жоқ. Есесіне, Майырбек Юсупов пен Вадим Лалиев сынды ресейліктер жұмыс істеп жүр. Майырбек мырза біздің елде бақандай бес жыл жұмыс істеген. Сол кезде нәтиже көрсетсе, қайда қалды? Әлем чемпионын шығарды ма? Жоқ, әрине. Чемпиондарды өзіміздің қазақ бапкерлер баптап, өсірді.
Афина Олимпиадасында күміс алып, кейін Қазақстаннан кетіп қалған Геннадий Лалиевтің інісі Вадимге біздің құрамадан жұмыс табылады. Өйткені, біздің федерацияға, ондағы жас бапкерлерге өзімізден емес, Дағыстан мен Осетия мамандарынан көмек сұраған ұнайды.
Шетелдік бапкерлерде қазақ баласынан чемпион шығарамын деген мақсат жоқ! Осыны жақсылап ұғып алыңыздар. Шетелдіктерге біздің ақшамыз ғана қызық. Шеттен келген бапкерлерге долларлап айлық беріп, өз бапкерлерімізге 300 мың теңгені аз көреміз. Бір кем дүние… Түптеп келгенде, қазақ балуандарына тек қазақ бапкерлерінің ғана жаны ашиды», — деді Бақбергенов.
