Бокстан әлем чемпионы, Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы капитаны Асланбек Шымбергенов кәсіби мансабын аяқтады. Бұл туралы спортшы Sportbugin.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
«Боксқа қайта ораламын деген ой болған. Тіпті, жаттығуды да қайта бастап көрдім. Бірақ, қолым жүрмеді. Сондықтан, кәсіби мансабымды аяқтаймын деп шештім. Бүгінде Жамбыл облысындағы кәсіби бокс клубында басшының орынбасары болып жұмыс істеп жүрмін», — деді Шымбергенов.
Осы орайда, Sportbugin.kz порталының барша оқырмандары мен жанкүйерлер атынан Асланбекке жарқын жекпе-жектер мен жеңістер үшін алғыс айтамыз! Шымбергеновтің Азия ойындарында өзбек боксшысын үш рет нокдаунға жіберген сәті отандық бокстағы ұмытылмас сәттердің бірі болары анық. Ташкент төрінде әнұранымызды шырқатқаның үшін рахмет, чемпион!
Асланбек Шымбергенов 1993 жылы 9 қазанда Жамбыл облысында дүниеге келген. Ол ұзақ жылдар бойы бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі болды.
Асланбек бокстан Қазақстанның екі дүркін чемпионы, Азия чемпионы (2022), әлем чемпионы (2023), әскерилер арасындағы әлем чемпионы (2019), Азия ойындарының күміс (2018) және қола (2023) жүлдегері. 2024 жылғы Париж Олимпиадасының қатысушысы.
