UFC басшысы Дана Уайт қырғызстандық Акбар Абдуллаевтың жеңісіне жоғары баға берді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Акбар Абдуллаев Dana White’s Contender Series турнирінде бразилиялық Эднилсон Сантоспен жекпе-жек өткізіп, қарсыласын нокаутпен жеңген.
Кездесуден кейін Дана Уайт қырғызстандық спортшының соққысына тәнті болғанын айтып, оны соңғы он жылдағы шоуға қатысқан ең үздік таланттардың бірі деп атады.
«Бұл соққы бейсбол таяқшасының соққысындай естілді. Сені соңғы он жылда осы шоуға қатысқан ең үздік талант деп айтамын. Меніңше, сен үлкен жұлдызға айналып, бұл спорттағы аса қауіпті жауынгер боласың. Келесі жекпе-жегіңді асыға күтемін. UFC-ге қош келдің!» —
деді Дана Уайт баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, 28 жастағы Акбар Абдуллаев кәсіби мансабын 2020 жылы бастаған. Қырғызстандық жауынгердің рекорды —
14 жеңіс, 0 жеңіліс.
