Сабыржан Аққалықовтың жеке бапкері Александр Насибуллин Sportbugin.kz тілшісіне сұхбат беріп, шәкіртінің сәтсіздігін түсіндірді.
Айта кетелік, 80 келіде бақ сынайтын Сабыржан алғашқы айналымда Оңтүстік Корея спортшысына есе жіберген болатын.
«Кездесу туралы не айтуға болады? Бірінші раундтан соң-ақ Сабыржанды танымай қалдым. Жылдамдығы мен ептілігі кете бастады. Жапонияға келген соң Сабыржанның құлағы ауырды. Алдымен оң құлағы, сосын сол құлағы сыр берді. Құраманың дәрігеріне қараттық. Ауыруы басылмаған соң, Жапонияда дәрігер іздеп, ауруханаға бардық. Олар «құлақтың қабынуы» (отит) диагнозын қойды. Амал жоқ, антибиотик алуға тура келді. Әйтпесе, боксшымыздың шаршы алаңға шығуы да қиындап кеткен еді. Антибиотиктің әсерін білесіздер ғой, осы жекпе-жекте функционалдық дайындықты қатты түсіріп жіберді.
Боксшы өзінің нағыз бабына енген кезде үп еткен жел де қауіпті ғой. Сабыржан да талай дайындықты өткеріп, енді бабына келгенде, осындай жайтқа тап болды. Өкінішті, әрине. Әйтпесе, Оңтүстік Корея боксшысы алынбайтын қамал емес, жеңуге болатын еді», — деді Насибуллин.
