Тұрсынғали Еділов Төрехан Сабырханның Азия ойындарындағы алғашқы жекпе-жегіне баға берді, деп жазады Sportarena.kz. сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
Бапкердің пікірінше, Төреханның рингке бейімделгені жақсы болғанымен, жекпе-жектің үшінші раундында қорғаныста қателіктер жіберген.
«Төрехан үш раунд өткізіп, демін реттеді, рингті сезінді. Азиаданың атмосферасына бой үйретіп, лайықты жеңіске жетті. Бірақ бұл жеңісті тым асыра бағалаудың қажеті жоқ. Катарлық қарсылас туралы жекпе-жекке дейін көп ақпарат болмады. Бұл — өтуге болатын қарсылас. Сондықтан Сабырхан өз міндетін атқарды.
Төрехан жақсы бастады. Бірақ үшінші раундта босаңсып кетті ме, әлде оған тың күш жетіспеді ме, әйтеуір әртүрлі соққыларды көп өткізіп алды. Оның соққы жібергені мені алаңдатады. Қорғанысы мықты боксшы үшін бұл жақсы көрсеткіш емес. Үшінші раундтағы әлсіз қорғаныстың себебі босаңсу болғанын қалар едім. Егер физикалық тұрғыдан тың болмауы байқалса, бұл ең қолайсыз сәтте әсер етуі мүмкін», — деді Тұрсынғали Еділов.
Айта кетейік, Төрехан Сабырхан келесі жекпе-жегін 28 қыркүйекте Ирак өкілі Аль-Сарраяға қарсы өткізеді.
