Еуропаның бірқатар елдері хоккейден Ресей құрамасымен өтетін матчтарға бойкот жариялауға дайын. Бұған Спорттық арбитраж сотының (CAS) Ресей құрамаларын халықаралық жарыстарға қайтару туралы шешімі себеп болды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
30 қазанда CAS Ресей хоккей федерациясының шағымын қанағаттандырып, Халықаралық хоккей федерациясын (IIHF) 2027 жылғы әлем чемпионатына Ресей құрамаларын қатыстыруға міндеттеген.
Осыған байланысты Финляндия хоккей федерациясы 2027 жылғы мамырда Германияда өтетін әлем чемпионатында Ресеймен ойнаудан бас тартатынын мәлімдеді. Бұл шешімді елдің Спорт министрлігі де қолдаған.
Финляндия хоккей федерациясының төрағасы Хейки Хиетанен Ресейге қарсы ортақ ұстаным қалыптастыру үшін өзге елдермен келіссөз жүргізіп жатқанын айтты. Сондай-ақ Финляндия сыртқы істер министрі Элина Валтонен Ресей Украинаға қарсы соғысын тоқтатпаса, ресейлік спортшыларға елде орын жоқ екенін жеткізді.
Ресей құрамасымен ойнаудан бас тартқан елдердің қатарында Норвегия да бар. Норвегия хоккей федерациясы Украинадағы соғыс жалғасқан жағдайда Ресей халықаралық чемпионаттарға қатыспауы керек деген ұстанымынан айнымайтынын мәлімдеді.
