Нұрқожа Қайпанов Астанада өткен әлем чемпионатындағы нәтижесінен кейін UWW рейтингінде 25 сатыға жоғарылап, 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үшінші орынға көтерілді, деп жазады Sportbugin.kz.
Отандасымыздың еншісінде 48 400 ұпай бар. Рейтинг көшін 55 200 ұпай жинаған ресейлік Иналбек Шериев бастап тұр. Екінші орында 53 400 ұпаймен жапониялық Йошиносуке Аояги орналасқан.
Айта кетейік, Нұрқожа Қайпанов Астанада өткен әлем чемпионатында финалға дейін төрт қарсыласын жеңіп, шешуші белдесуде Иналбек Шериевке 4:10 есебімен есе жіберді. Нәтижесінде қазақстандық балуан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
