Алматыда таеквондодан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды, деп жазады Sportbugin.kz.
Ел біріншілігіне Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің 17 облысынан 348 спортшы қатысып жатыр. Бұл — соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
Қазақстан таеквондо (WT) федерациясының президенті Кудрат Шамиев биылғы чемпионаттың ұйымдастыру деңгейі мен қатысушылар санына ерекше тоқталды.
«Чемпионаттың ұйымдастырылу деңгейі жоғары. Биыл қатысушылар санының да айтарлықтай артқанын атап өткен жөн. Мәселен, өткен жылы Шымкентте өткен Қазақстан чемпионатына 270-ке жуық спортшы қатысса, биыл олардың саны 348-ге жетті. Бұл — таеквондомен айналысатын жастардың көбейіп, спорт түріне деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар дәстүр бойынша шетелдік төрешілер де шақырылды. Жалпы 28 төрешінің 11-і — шетелдік мамандар», — деді Кудрат Шамиев.
Айта кетейік, чемпионаттағы барлық жекпе-жек Қазақстан таеквондо федерациясының ресми YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетілуде.
