Алматыда таеквондодан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының алғашқы жарыс күнінде бес салмақ дәрежесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды, деп жазады Sportbugin.kz.
Ерлер арасында 54 келіге дейінгі салмақта Алматы қаласының өкілі Еркебұлан Еңсегенов топ жарды. Күміс жүлде Түркістан облысының спортшысы Нұрасыл Сағындыққа бұйырса, қола медальдарды Мағжан Отарғали (Алматы облысы) мен Баходир Шапулатов (Шымкент қаласы) иеленді.
58 келіге дейінгі салмақта Нұрали Махмұт (Алматы қаласы) чемпион атанды. Екінші орынды Марғұлан Маратұлы (Алматы облысы) еншілесе, Жавохир Исламов (Шымкент қаласы) пен Санжар Исмаил (Алматы қаласы) қола жүлдегер атанды.
Әйелдер арасында 49 келіге дейінгі салмақта Нұрайым Жұмабек (Жамбыл облысы) жеңіс тұғырынан көрінді. Адель Жандильдинова (Қарағанды облысы) күміс медаль алса, Малика Ғалым (Атырау облысы) мен Рухшона Биметова (Жамбыл облысы) қола жүлдеге ие болды.
73 келіге дейінгі салмақта Назым Махмутова (Түркістан облысы) чемпиондық атақты жеңіп алды. Феруза Ергешова (Шымкент қаласы) екінші орынға тұрақтаса, Дания Қабир (Павлодар облысы) мен Нуриза Тұрарова (Алматы қаласы) үздік үштікті түйіндеді.
Ал 73 келіден жоғары салмақта Ақтөбе облысының өкілі Ақсәуле Ерқасымова алтын медаль иеленді. Астана қаласының спортшысы Дария Манасқызы күміс жүлдегер атанса, Евгения Каимова (Астана қаласы) мен Меруерт Ткебаева (Ақтөбе облысы) қола медальға қол жеткізді.
Айта кетейік, Алматыда өтіп жатқан ел біріншілігіне Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің 17 облысынан 350-ге жуық спортшы қатысуда.
