Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан ISU Гран-при сериясының 2026/2027 жылғы маусымындағы финалына жолдама ала алмады, деп жазады Sportbugin.kz.
Үш кезеңнің қорытындысы бойынша отандасымыз жалпы есепте жеті ұпаймен 12-орында тұр. Францияда өткен кезеңде ол оныншы орын алып, ұпай жинай алмады. Ал Қытайдағы жарыста бесінші орынға тұрақтап, қоржынына жеті ұпай қосты.
ISU ережесіне сәйкес, әр спортшы Гран-при сериясының ең көп дегенде екі кезеңіне қатыса алады. Ал финалға жалпы есепте үздік алты спортшы ғана жолдама алады. Қазіргі уақытта Шайдоровтаг жоғары тұрған 11 қарсыласы бар. Сондықтан қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы енді өз нәтижесі арқылы турнирлік жағдайын жақсарта алмайды.
ISU Гран-при сериясының финалы 10-13 желтоқсан аралығында Қытайдың Чунцин қаласында өтеді. Дегенмен рейтингте Михаилден жоғары тұрған бірнеше спортшы жарыстан бас тартқан жағдайда, қазақстандықтың финалға қатысуына мүмкіндік тууы мүмкін.
Айта кетейік, Қытайдағы кезеңде Михаил Шайдоров күрделі элементімен көпшіліктің назарын аударды. Ол екі төрттік секіруден тұратын күрделі каскад орындап, төрешілерден 16,27 ұпай алды. Спорттық БАҚ мәліметінше, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы ISU аясындағы жарыста мұндай элементті алғаш орындаған спортшы атанды.
Михаил бұған дейін де мәнерлеп сырғанау тарихында өзіндік із қалдырған. 2024 жылы ол «үштік аксель – төрттік тулуп» каскадын сәтті орындаған алғашқы спортшы болды. Кейін «үштік аксель – ойлер – төрттік сальхов» комбинациясын да ұсынды. Бұл жетістіктерді Халықаралық конькимен жүгірушілер одағы да атап өткен.
Осылайша, Шайдоровтың Гран-при финалына қатысу мүмкіндігі әзірге күрделі жағдайда. Алайда қазақстандық спортшы күрделі секіру элементтерін орындау арқылы әлемдік мәнерлеп сырғанаудағы жаңашылдықтарын жалғастырып келеді.
