Милад Карими бастаған спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасы Катарда жаттығу жиынына қатысып жатыр. Спортшылар жылдың алғашқы жарысын Германияның Котбус қаласында өткізбек. Ал Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Курбанов бұл турнирге қатыспайды, деп жазады Sportbugin.kz.
Спорттық гимнастикадан ұлттық құраманың бас бапкері Александр Кимнің айтуынша, Котбуста (Германия) өтетін әлем кубогының алғашқы кезеңінде ел намысын жеті спортшы қорғайды.
«Жігіттер қызу дайындық үстінде. Париж Олимпиадасынан соң ереже өзгерді. Қазір бүкіл әлем жаңарған ереже бойынша жаттығуда. Өткен олимпиадалық циклдегі комбинациялар түгелдей дерлік өзгеріске ұшырады. Бүгінде біздің команда өкілдері де бағдарламасын толық жаңартты. Катардағы жаттығу жиынына үздік спортшыларымыз қатысып жатыр.
Олар – Милад Карими, Нариман Курбанов, Зейнолла Ыдырысов, Ілияс Азизов, Дмитрий Патанин, Фарух Набиев, Асан Сәлімов, Роман Наменов. Котбустағы әлем кубогында жеті спортшымыз бақ сынайды. Бірақ Олимпиада жүлдегері Нариман Курбанов алғашқы екі кезеңге қатыспайды. Ол Парижден соң ауырып қалды. Жаңа жыл қарсаңында да мазасы болмады. Сондықтан, оны әлем кубогының үшінші кезеңінен бастап жарысқа қосамыз», — дейді бас бапкер.
Команда жетекшісінің айтуынша, биыл әлем кубогы кезеңдерінің саны артқан. Кубок қорытындысы бойынша жекелеген снарядтар бойынша өтетін әлем чемпионатына жолдама беріледі.
«Олимпиада ойындарынан кейінгі маусымда әлем чемпионты жекелеген снарядтар бойынша өтеді. Бұл әлем чемпионатына қатысудың екі жолы бар: біріншісі — командалық Азия чемпионатында жақсы өнер көрсету; екіншісі – әлем кубогы кезеңдерінің қорытындысы бойынша алғашқы 14 спортшының қатарына ену. Әлем біріншілігіне бару үшін осы екі жолды да қарастырамыз.
Оның үстіне, биыл әлем кубогы кезеңдерінің саны өсті. Бұрын төрт кезең болса, биылдан бастап алты кезең болады. Кубоктык додаларды Котбус (Германия), Баку (Әзербайжан), Анталья (Түркия), Осиек (Хорватия), Доха (Катар), Каир (Египет) қалалары қабылдайды. Ал лицензиялық Азия чемпионаты мамыр айында Оңтүстік Кореяда өтеді. Бұл сында құрлықтың үздіктері бес жолдамаға таласады», — дейді Александр Ким.
Айта кетелік, спорттық гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасы жаттығу жиындарын өткен жылдың желтоқсанында бастап кетті.
Фото: Сали Сабиров, olympic.kz