Бокстан Қазақстан ерлер командасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов Sportbugin.kz сайтына сұхбат беріп, ұлттық құрамадағы аз-кем өзгерістер мен жоспарларға тоқталды.
Қазіргі таңда боксшылар Түркістан облысында жаттығу жиынын өткізуде.
«Команданың аяқ алысы жақсы. Құрамда кішігірім өзгерістер бар. Қамшыбек Қоңқабаев мансабын аяқтады. Ал Сәкен Бибосынов аяғының жарақатына байланысты осы жиынға қатысқан жоқ. Ота жасатты, қазір қалпына келуде. Денсаулығы түзелген соң, құрамаға қайта оралады.
Асланбек Шымбергенов Париж Олимпиадасынан кейін ешқандай жарысқа қатысқан жоқ. Қазақстан біріншілігінен де сырт қалды. Сондықтан, біз оны бас командаға әзірге қоса алмаймыз. Десе де, Асланбек ішкі жарыстарға қатыса береді. Мансабын аяқтаған жоқ.
World Boxing ережесі бойынша он салмақ дәрежесі бар: 50, 55, 60, 65, 70, 75, 80, 85, 90, 90+ келі. Осы ереже бойынша, Санжар Тәшкенбай, Теміртас Жүсіпов сынды боксшылар 50 келіге ауысады. Серік Теміржанов 60 келіде қалады. Осындай өзгерістер әлі де болады алда.
Құрамада қазір екі Оралбай да, екі Сабырхан да бар. Нұрбек Парижден кейінгі үзілістен соң жаттығуға кірісті. Айбек екеуі «Странджа» турниріне қатысады. Испанияда өтетін халықаралық жарысқа үшінші, төртінші құрамды алып барамыз», — деді Сәтжанов.
Еске салайық, World Boxing ұйымы бокстан әлем кубогының бір кезеңін 30 маусым мен 7 шілде аралығында Қазақстанда ұйымдастырады.
Фото: Olympic.kz