
Бокстан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алуа Балқыбек салмақ ауыстырар шақта құрбысы Назым Қызайбаймен өзара қарым-қатынасы біраз уақыттай бұзылып, сөйлеспей кеткені жайында сыр шертті. Бұл туралы ол Aqyrys Seitqazy YouTube арнасында айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
Алуа Балқыбектің айтуынша, Назым Қызайбай 48 келі салмағы бойынша екі дүркін әлем чемпионы атанады. Содан Олимпиадаға баруды мақсат етеді.
– Назым 48 келіден олимпиадалық салмақ 50-51-ге ауыспақ болады. Бірден басқа салмаққа ауыса салып, чемпион болып кету, оңай емес. Ол біраз уақыт салмағын өсіре алмай жүрді. Кейін Назым Азия чемпионатына барып келіп, жеңіліс тапты. Егер ол сол жақтан лицензиямен оралғанда бәріміз жанталасып, оны Олимпиадаға дайындайтын едік. Содан кейін бапкерім «Алуаны жібер» деп барлығы айтып жатыр, сені дайындайын, ал көрейік? Бап шаба ма, бақ шаба ма?» деді. Сөйтіп 48-50 салмаққа ауысатын болдым. Ағайға «егер 48 келіден ауыссам, осы салмақта қаламын» деп едім, ол да «бірге жұмыс жасайық» деді. Міне, елу келіге осылай келдік, – дейді ол.
Айтуынша, 2016 жылы Назымның Астанада өткен әлем чемпионатында 51 келі бойынша жолы болмайды. Оған дейін де лицензиялық турнирге барып, жеңіліс табады. Содан оны қайта 48 келіге ауыстырады. Арада жеті жыл өтеді. Тынымсыз еңбектен кейін Назым Қызайбайдың жолы түсіп, Париж олимпиадасында өз медалін жеңіп алады.
– Назым жақтан да, мен жақтан да реніш болды. Оған да, маған да мүмкіндік берілді. Кім жеңетін көрейік деген мақсатта екеуміз спарингке шықтық. Негізі Назым – керемет қарсылас, универсалды боксер. Ол жақыннан да, қашықтан да бокстаса алады. Ол өзінің қарсыласына барынша ыңғайсыз болуға тырысады. Маған оның бокстасқаны ұнайды. Ол бекербен бекер екі дүркін әлем чемпионы, Олимпиаданың қола жүлдегері емес.
Сол кездерде екеумізде кішкене реніш болды. Жасырып қайтеміз, сөйлеспей қалған едік. «Бірге бастадық, неге қарсылас болып жатырсың» деген сияқты ода да реніш орынды. Спорт болған соң барлығы өзін сынағысы келеді. Аллаға шүкір, ең бастысы ол жүлдемен оралды. Сол үшін өте қуаныштымын. Ортақ еңбек болды, ол жағынан біз де атсалысуға тырыстық. Олимпиадаға дейін бірге дайындалдық, – дейді Алуа Балқыбек.