
Қазақстан WT таеквондо федерациясының президенті Құдырет Шәмив ұлттық құраманың Алматы облысындағы бірлескен оқу-жаттығу жиынына қатысып, алдағы ірі жарыстар қарсаңында атлеттерге сәттілік тіледі. Ұлттық құрама спортшылары «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығында Қытайдың Синцзянь аймағындағы командасымен бірге жаттығуда, деп жазады Sportbugin.kz.
Бірлескен жаттығу жиынына Қазақстаннан 70-ке жуық, Қытай тарапынан 15 спортшы қатысуда. Құрама сапына ел үздіктері Батырхан Төлеуғали, Самирхон Абабакиров, Рита Бакишева, Марина Севостьянова бастаған таеквондошылар тегіс жиналған. Ал көрші ел құрамасында таеквондодан Grand Slam бәсекесінің жеңімпаздары мен финалистері бар.
Федерация президенті Құдырет Шәмиевтің айтуынша, ұйымның да, команданың алдында да үлкен міндеттер тұр.
«Біріншіден, федерацияның құрамы толықтай өзгерді. Бапкерлердің де, төрешілердің де құрамы ауысты. Қазір жаңа команадамен алға басып жатырмыз. Алдымызда үлкен жұмыс тұр, алар асуымыз, бағындырар белестеріміз бар. Бұл – тек бастамасы. Бір жолға қойып алсақ, әрі қарай дөңгелетіп әкетеміз. Дәл қазіргі сәтте команда Болгариядағы халықаралық турнирге дайындалып жатыр.
Біз алдағы азғантай уақытқа емес, ұзақ жылға жоспар құрып отырмыз. Стратегияны дайындағанда алдағы 20 жылды қамтыдық. Келесі төрт жыл 2028 жылғы олимпиадаға дайындық болса, одан кейінгі ойындарға жастарды жетілдіруді мақсат еттік. Ол кезде біз басшылықта боламыз ба, болмаймыз ба, белгісіз. Десе де, бізден кейін келетін адамға нақты бір жүйені қалдырып кету ойымызда. Осы қалыптасқан жүйеде нақты дайындық тәсілдері, бапкерлердің арнайы стратегиясы мен жоспарлары, төрешілердің әділдігін қамтамасыз ететін талаптар мен ұсыныстарды қағазға түсіріп қойдық», — дейді федерация басшысы.
Сондай-ақ, Құдырет Игнатұлы командадағы жаңа бапкерлер құрамының жұмысына қатысты пікірін айтты.
«Жаттығу жиынында спортшылар өзара тәжірибе алмасуда. Бас бапкер Есбол Сұлтанов та өзінің қоластындағы жаттықтырушылар құрамын толық өзгертіп, баршаға жаңа бағыт-бағдар беріп, ерекше қарқынмен кірісіп жатыр. Есбол Сұлтанов бастаған мамандардан салмақты нәтиже күтеміз. Қыздар командасында Ираннан келген Фатима ханым бар. Федерация ретінде спортшыларға жағдай жасау – бізге міндет. Массажшы, дәрігер, психолог болсын, бәрімен жұмыс істеліп жатыр. Бүкіл нәрсені қамтып, одан да үлкен дәрежеге көтеруге тырысамыз. Шетелдік мамандарды шақыруға, олармен кеңес құруға, тәжірибе алмасуға ниеттіміз. Әзірге олармен келісім жүргізілуде», — деді Шәмиев.
Жиын барысында Қазақстан WT таеквондо федерациясының президенті Құдырет Шәмиев команда мүшелеріне алдағы жарыстарда сәттілік тілеп, ұйым тарапынан спортшыларға барлық жағдай жасалатынын айтты.
Айта кетелік, қазіргі таңда Қазақстан құрамасы Болгарияда өтетін жиынға дайындалуда. Жаттығу жиыны 25 ақпанға дейін жалғасады.