
Елімізде кең қарқын алған QJ лига жобасы талантты футболшыларға ғана жол көрсетіп қоймай, білікті жас мамандардың бой көтеруіне себепші болуда. Бүгінде жобадағы жұмысы арқылы көзге түсіп, өз міндетін абыроймен атқарып жүрген талантты жастар көп. Солардың бірі — Аяжан Жұмабекова. Аяжан QJ лигаға кеңсе қызметкері келіп, бүгінде маркетолог маман қызметіне көтерілді. Sportbugin.kz тілшісіне сұхбат берген ол лигада тұлға боп қалыптасудың жолдарын айтып, жас футболшылар арасындағы нөмірі бірінші турнирдің басты ерекшеліктері, әлеуметтік жобалары және алдағы мақсаттары туралы сөз қозғады.
— Аяжан, Сіз осы жобаға офис-менеджер болып келіп, маркетолог маманына дейін көтерілдіңіз. Өзіңізді толық таныстырып өтсеңіз… Жалпы, осы лигадағы қызметіңізді қысқаша талдап бересіз бе? Бұл жоба отандық футболды дамытудан бөлек, сіздің және осы команда мүшелерінің маман ретінде қалыптасуына қандай септігін тигізді?
— Лигадағы менің міндетім — маусым бойы іс-шараларды ұйымдастыру және маркетингтік белсенділіктерді жүргізу. Біздің дәстүрге айналған матчдэй шаралары, маусымның жабылу рәсімі және басқа да іс-шараларды ұйымдастырамын. Сонымен қатар, биыл жоспарланған басқа да жобалар бар. Мысалы, өз мерчімізді шығару, оның аясында біз дизайнерлер байқауын бастадық. Бұл байқауда әркім өз бағын сынап, спорттық дизайнер ретінде қабілетін көрсетіп, 1 000 000 теңге жүлде қоры үшін күресе алады. Лигадағы осындай және басқа да жобаларға командамызбен бірге жауаптымын.
Сондықтан, жалпы алғанда, лига әрқайсымызға өз ісіміздің кәсіби маманы ретінде қалыптасуға көмектеседі және жаңа идеяларымызға әрдайым ашық. Бізге осындай даму мүмкіндігін бергені үшін лигаға алғысымыз шексіз.
— Сіз маркетолог ретінде қандай міндеттер атқарасыз? Мысалы, командалардың бапкерлері және өзіндік персоналы бар. Ал осы турнирді ұйымдастырушылар – сіздер не қызмет атқарасыздар? Көбіне, кімдермен жұмыс істейсіздер?
— Өткен маусымда мен клубтардың маркетингтік міндеттемелерін орындауын бақылауға да жауапты болдым. Бұл клубтар үшін жарнамалық өнімдерді дайындау және оларды стадионда дұрыс орналастыруды қамтыды. Әрбір үй матчынан кейін клубтар Лигаға есеп беріп, бас демеуші алдындағы барлық міндеттемелердің орындалғанын көрсетуі керек еді.
Осы маусымнан бастап біздің маркетинг бөлімі кеңейіп, енді тиімділікті арттыру мақсатында клубтармен маркетингтік мәселелер бойынша толыққанды байланыс орнататын арнайы қызметкеріміз бар. Сонымен қатар, клубтарды ынталандыру үшін маркетингтік чемпионатты іске қосуды жоспарлап отырмыз. Қазір командамызбен бірге сыйақы жүйесін әзірлеп, оны маусым басталар алдындағы жыл сайынғы семинарда клубтарға таныстыру үшін белсенді жұмыс істеп жатырмыз.
— Жобаға қатысушы командалар қалай таңдалады? Биыл команда саны 54-ке дейін көтерілген екен. Осынша клубты, ойыншыларды ұйымдастыру, басқару сіздерге қиындық тудырмай ма? Қандай жоспар бойынша жұмыс істейсіздер?
— Біздің лигаға командаларды іріктеудің негізгі талаптары – матчтарды өткізуге қолайлы инфрақұрылымның болуы, яғни жасөспірімдер командалары сапалы алаңда ойнай алуы керек. Сонымен қатар, клубтың кәсіби командасы болуы маңызды, өйткені бұл жас ойыншылардың өсуіне мүмкіндік береді.
Екінші сұраққа келетін болсақ, маркетинг бойынша жүктеме командалар санының артуына байланысты өткен жылмен салыстырғанда көбеймейді, өйткені біз жеке командалармен емес, клубтармен жұмыс істейміз. Алайда, медиа қамтумен айналысатын әріптестерім үшін жұмыс көлемі айтарлықтай артады. Әріптестеріміз матчтардағы барлық қызықты сәттерді медиа тұрғысынан қамтуға тырысады, ал ондай сәттер аз емес. Биылғы маусымда бізде қыздар лигасы да қосылады, сондықтан ештеңе назардан тыс қалмауы үшін олардың жеке әлеуметтік желідегі парақшасы @qjlwomen ашылады.
— Лигаға қатысып жатырған жас ойыншылардан қазір танымал футболшылар шығып жатыр. Дастан Сәтбаев соған басты дәлел. Алдын-ала болжам бойынша, қанша пайыз ойыншы жоғары лига, жақсы командаға, ұлттық құрамаларға шақырту алуы мүмкін?
— Егер ойыншылар мен матчтар бойынша нақты статистика қажет болса, оны сіздерге спорттық-аналитикалық бөлімдегі әріптестерім ұсына алады. Олар барлық матчтарды жан-жақты талдап, толыққанды жауап бере алады.
Өз тарапымнан айтарым, медиа және маркетинг бөлімі бұл матчтар мен ойыншылардың назардан тыс қалмауы үшін көп жұмыс істейді. QJ League-тің еңбегінің арқасында жасөспірімдер командалары матчтарының медиа қамтылуы айтарлықтай артты. Егер QJ League Youtube парақшасына кірсеңіз, барлық матчтардың трансляциясын таба аласыз. QJ League чемпионатында ойындар апталық циклге отетін болғандықтан, жасөспурумдер үшін матчтардың саны көбейіп, осының нәтижесінде жас ойыншылардың назарға ілігу мүмкіндігі артты.
— Бүгінге дейін лигада өнер көрсеткен ойыншылардың қанша пайызы немесе қаншасы ересектер арасында өз командасын тауып, өнер көрсетіп жүр?
— Статистикамызға жүгінсек, QJ League алғашқы маусымының қорытындысы бойынша 150-ден астам ойыншы Премьер-лига, Бірінші лига және Екінші лиганың кәсіби клубтарымен келісімшартқа отырды, бұл жалпы ойыншылар санының шамамен 40%-ын құрайды.
Екінші маусымның нәтижелері бойынша 2025 жылғы маусымда Премьер-лига командаларына 20-ға жуық ойыншы тіркелді. Сонымен қатар, біздің ойыншылар Еуропаның клубтарында қаралымнан өтіп, қазіргі таңда кем дегенде үшеуі Португалия, Чехия және Дания командаларында өнер көрсетуде.
— Лигада футболдан басқа қандай әлеуметтік және ойын-сауық бағдарламалыр бар? Мүмкін, қайырымдылық кештері, басқосулар, отырыстар, балалар үйіне бару деген сияқты акциялар бар ма?
— Біз, лига ретінде, түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға үлкен көңіл бөлеміз. Лига құрылғаннан бері жыл сайын көптеген матчдэйлер өткізіліп келеді, олардың басты мақсаты – жанкүйерлерді тарту және олар үшін барлық қажетті жағдайларды жасау, осылайша, әсіресе жасөспірімдер футболына қызығушылықты арттыру. Жыл сайын лига алтыға дейін осындай іс-шара ұйымдастырады, және бұл жыл да ерекшелік болмайды. Өткен жылы кейбір матчдэйлерден түскен билет сатылымының қаражаты қайырымдылық қорларына бағытталды.
Сонымен қатар, маусым соңында лига өте сәнді әрі әсерлі жабылу рәсімін өткізеді, онда маусымның үздік футболшылары мен менеджерлері ерекше құрметке ие болады.
Одан бөлек, лига қайырымдылық шараларын да ұмытпайды. Мысалы, екі жыл қатарынан балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған ойын-сауық іс-шараларын ұйымда
стырып, оларға үлкен сыйлықтар тарту етті. 2023 жылы бұл шара Қарағандыда өтті, ал 2024 жылы Қостанайда ұйымдастырылды. Қостанай қаласында жабылу рәсімінің қайырымдылық аукционында жиналған қаражатқа балалар үйінің барлық жиһазы жаңартылды.
— Бұл лига қызметкерлер үшін не ұсынады? Сіздер маман ретінде біліктілік арттыру курстарынан өтесіздер ме? Сіздердің дамуларыңызға қандай жағдай жасалған?
— Лига бізге, қызметкерлер ретінде, көптеген мүмкіндіктер береді. Менің бір лауазымнан екіншісіне ауысуым – лиганың біздің кәсіби өсуімізге бей-жай қарамайтынының және дамуға, көбірек жауапкершілік алуға ұмтылған адамдарды әрдайым қолдайтынының айқын дәлелі. Алғашқы маусымда мен лиганың жобаларына белсендірек қатысқым келді, және маған бұл мүмкіндік берілді.
Лига бізге жайлы әрі өнімді жұмыс істеу үшін барлық жағдайды жасайды. Мұнда әрбір деталь ескерілген: ыңғайлы кеңсе мен жұмыс кестесі, сапалы техника, үздіксіз мотивация. Егер қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға сұраныс болса, лига бұл мүмкіндікті міндетті түрде қамтамасыз етеді.