
Александр Марочкин ұлттық құрама сапында соңғы ойынын өткізді, деп хабарлайды Қазақстан футбол федерациясы.
Қорғаушы Лихтенштейнмен өткен (2:0) матч туралы пікірін айтып, маңызды мәлімдеме жасады.
«Ұлттық құрамадағы ойындарымды аяқтау туралы шешім қабылдадым. Жастар ойнайтын кез келді – Қасым, Жұмаханов және басқа да жігіттер өсіп-жетілді. Сол себепті оларға жол беру қажет деп санаймын – енді өздерінің лайық екенін дәлелдеу оларға жүктеледі.
Ұлттық құрама жейдесін киіп, елімнің намысын қорғау мен үшін үлкен мақтаныш болды. Біз әрдайым жанкүйерлерді қуантуға тырыстық, бар күшімізді салдық. Әрине, барлық матчтар сәтті бола берген жоқ, кейде мықты қарсыластарға есе жібердік, бұл жанкүйерлерімізге ұнай қоймағанын да түсінемін. Бірақ біз әрдайым соңына дейін күрестік, ешқашан берілмедік.
Барлық жанкүйерлерге алғысым шексіз – бізді қолдағандарыңыз үшін де, сынағандарыңыз үшін де. Өйткені кез келген реакция бізге мотивация берді. 2022-2023 жылдары жанкүйерлердің ұлттық құрамаға деген сенімін қайтаруға үлес қосқаныма өте қуаныштымын. Адамдар стадионға қайта оралып, бізді қолдады – бұл сөзбен жеткізуге келмейтін эмоция!
Барлық бапкерлер штабына, командадағы жігіттерге, қызметкерлерге, дәрігерлерге, массажистерге, медиа-топқа – қолдау көрсеткен барша жанға алғыс білдіремін. Біз нағыз бір отбасы болдық. Жігіттерге тек сәттілік тілеймін! Жанкүйерлерден құрамаға қолдау көрсетуді сұраймын – бұл өте маңызды. Команда қолдауды сезінген кезде, екі есе күш салып ойнайды.
Ұлттық құрамада ойнау – әр футболшы үшін үлкен құрмет. Футболдағы әр бала бір күні өз елінің жейдесін киюді армандайтыны сөзсіз.
Есте қалған сәттердің бірі – 2022-2023 жылдар, біз Магомед Мұсаұлымен бірге тарих жазып, мықты командаларды жеңдік. Сол кезде біз өзімізге сенімді бола бастадық, ал жанкүйерлер құраманың жоғары жетістіктерге жете алатынын көрді. Біз өзімізге жоғары деңгей қойдық, енді қарсыластар бізге басқаша қарайды, ал жанкүйерлер жеңілісті кешірмейді. Бірақ бұл жақсы нәрсе – команда өсуі керек, жаңа белестерге ұмтылуы тиіс.
Алдағы уақытта әлі талай жеңістер бұйырады деп сенемін!», — деді Марочкин.