
Оралда WKF каратэден жасөспірімдер мен жастар арасында Мәншүк Мәметованы еске алуға арналған халықаралық турнир мәресіне жетті, деп жазады Sportbugin.kz.
Турнирге еліміздің барлық облысынан бөлек, бес мемлекеттен келген жалпы есебі мыңға жуық спортшы қатысты. Атап айтар болсақ, Қазақстан, Түркия, Ресей, Әзербайжан, Грузия, Өзбекстан мен Қырғызстан каратэшілері Жайық жағасында бас қосып, өзара мықтыны анықтады.
Батыс Қазақстан облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитовтің айтуынша, еліміздің шалғай өңірінде мұндай ірі жарысты өткізу аймақтағы спортты насихаттауға үлкен үлес қосады.
«Бұл бәсеке Орал өңірінде дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биылғы жарыстың басты ерекшелігі — жаңадан ашылған «Жайық Арена» спорт кешенінде ұйымдастырылуы. Одан бөлек, турнир қарсаңында каратэшілерге арналған сапалы, аккредиттелген татами алынды. Каратэшілер додасы спортшылардың отансүйгіштігін арттырып қана қоймай, елімізден талантты спортшылардың өсуіне жол ашады», — дейді облыстық спорт басқармасының басшысы.
Турнир идеясының авторы әрі ұйымдастырушысы, каратэден БҚО командасының аға бапкері Ринат Мерғалиев жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері құрлық біріншілігіне қатысу үшін рейтингілік ұпайлар жинайтынын жеткізді.
«Бұл бәсекені ең алғаш рет осыдан он жыл бұрын, спорт залда өткізген едік. Сол кезде жаятын татами де болған жоқ, кәдімгі еденде күш сынасты спортшылар. Арада жылдар өтіп, біздің турниріміздің деңгейі де өсті. Су жаңа спорт кешенінде, алты мемлекеттің қатысуымен өтіп жатыр. Осы турнирде чемпион атанған спортшылар жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігіне жолдама алады. Одан бөлек, жарыс жүлдегерлеріне қаржылай сыйақы да қарастырылды. Осы орайда, турнирді ұйымдастыруға көмектескен Қазақстан WKF каратэ федерациясына, Батыс Қазақстан облыстық әкімдігіне, Батыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына алғысымды білдіремін», — дейді Ринат Мерғалиев.
Мәншүк Мәметованы еске алуға арналған «Ақжайық Open» халықаралық турнирінде жалпыкомандалық есепте Шымкент қаласының спортшылары топ жарды.
Екінші орынды Жамбыл облысы, үшінші орынды Астана қаласының командасы иеленді. Ресей құрамасы мен Батыс Қазақстан облысының спортшылары алғашқы бестікте.
Халықаралық турнир қонақтарының қатарында Батыс Қазақстан облысының әкімі — Нариман Төреғалиев, «Қазақстан Каратэ Федерациясы Одағы» ЗТБ вице-президенті — Болат Хавлахат, БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы — Бақдәулет Сәбитов, Федерацияның Бас хатшысы — Асқар Молдағали, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Азия ойындарының жеңімпазы — Қажымұқан Шаттық бастаған бір топ азамат болды.
Турнирдің бас демеушісі — «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры.
Фото: БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы