
Жақында елорда түрінде пара дзюдодан әлем чемпионаты аяқталды. Өз елімізде өткен сында спортшыларымыз аянып қалған жоқ. Отандық парадзюдошылар жалпы есебі 11 медаль жеңіп алды, оның ішінде екі атлетіміз еліміздің әнұранын шырқатып, көк туын желбіретті. Астанада өткен әлемдік турнир жанкүйерлердің паралимпидалық спортқа деген қызығушылығын арттыра түскені анық. Бүгінде еліміздегі пара спорт түрлері қалай дамуда? Спортшылардың әлемдік жарыс алдындағы жіктелуі қалай өтеді? Биылғы маусымда параспортшыларды қандай жарыстар күтуде?
Sportbugin.kz тілшісі «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығына» сауал жолдаған болатын.
— Паралимпиадалық спорт түрлерінің дамуы қазір жақсы қарқынмен келе жатыр. Осы орайда, қазір елімізде пара және сурдо спорт түрлерімен айналысатын қанша спортшы тіркелген? Осыған байланысты ресми стастистика бар ма?
— Қазақстанда дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған 19 спорт мектептері мен клубтары жұмыс істейді, тек Ұлытау облысында бұл бағыттағы жұмыс енді басталып жатыр.
Елімізде дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған 64 спорт түрі дамып келеді, оның ішінде: 22 паралимпиадалық, 17 сурдлимпиадалық, 9 паралимпиадалық емес, 3 сурдлимпиадалық емес, 13 интеллектуалды дамуы зақымдалған тұлғаларға арналған спорт түрлері.2024 жылдың ресми деректеріне сәйкес, елімізде спортпен шұғылданатын дене мүмкіндігі шектеулі 21 мыңнан астам адам тіркелген. Оның 10 мыңға жуығы паралимпиадалық, 6 мыңнан астамы сурдлимпиадалық спорт түрлері болса, 5 мыңға жуығы паралимпиадалық емес, сурдлимпиадалық емес және интеллектуалды дамуы зақымдалған тұлғаларға арналған спорт түрлерімен айналысады.
— Паралимпиадалық спорт түрлері еліміздің қай өңірлерінде белсенді дамуда? Керісінше, қай өңірлерде кенжелеп қалған?— Елімізде дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғалаларға арналған спорт түрлері қарқынды дамуда. Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы жыл сайын дене мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорт түрлерінен республикалық чемпионаттар мен кубоктар ұйымдастырады. Жарыстардың нәтижесі бойынша үздік өнер көрсеткен спортшылар ұлттық құрамаға алынады. Бүгінде 784 спортшы — паралимпиадалық, 885 спортшы — сурдлимпиадалық, 381 спортшы — паралимпиадалық емес спорт түрлері бойынша ұлттық құрама қатарында өнер көрсетіп, ел намысын халықаралық ареналарда қорғап жүр.
Өңірлердегі дене мүмкіндігі шектеулі спортшылар контингенті келесідей:
1. Алматы қаласы — 3305
2. Ақтөбе облысы — 1999
3. Маңғыстау облысы — 1892
4. Қарағанды облысы — 1606
5. Атырау облысы — 1598
6. Шымкент қаласы — 1568
7. Ақмола облысы — 1421
8. Астана қаласы — 1348
9. Жамбыл облысы — 1262
10. Жетісу облысы — 1085
11. Солтүстік Қазақстан облысы — 876
12. Қостанай облысы — 820
13. Батыс Қазақстан облысы — 800
14. Абай облысы — 600
15. Алматы облысы — 466
16. Қызылорда облысы — 421
17. Павлодар облысы — 364
18. Шығыс Қазақстан облысы — 287
19. Түркістан облысы — 221
— Қазір паралимпиадалық спорт түрлерінің ішінде елімізде қай спорт түрлерінің даму қарқыны жақсы немесе адамдар көбірек айналысатын спорт түрлері қандай?
— Бүгінде елімізде кеңінен дамыған паралимпиадалық спорт түрлеріне пара жүзу, пара жеңіл атлетика, пара дзюдо, пара таеквондо, пара үстел теннисі, пара пауэрлифтинг, пара нысана көздеу және волейболды отырып ойнау жатады.
Бұл спорт түрлерінің ішінде ең көп спортшыны қамтитын – пара жүзу. Қазақстан тарихындағы алғашқы паралимпиадалық алтын медальды 2016 жылы Зүлфия Ғабидуллина пара жүзуден жеңіп алды. Ал Нұрдәулет Жұмағали Токио Паралимпиадасында қола медаль иеленіп, 2024 жылы Парижде күміс медаль жеңіп, Азия рекордын жаңартты.Пара дзюдо да қарқынды дамып келеді: ұлттық құрама Токио Паралимпиадасында 3 күміс медаль, ал Париж Паралимпиадасында 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды.
Пара пауэрлифтингте Давид Дегтярев ел тарихында тұңғыш рет Паралимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы атанды. Ал пара нысана көздеуден Еркін Ғаббасов Паражиде өткен ойындарда Қазақстанға алғашқы паралимпиадалық медальді сыйлады.
Пара жеңіл атлетикада Парижде Дастан Мұқашбеков қола медаль иеленді.
Волейболды отырып ойнау спорт түрі де өңірлерде кеңінен дамуда. Қазақстан ұлттық құрамасы әлемнің 78 командасы арасынан үздік бестіктің қатарына енеді.
— Көпшілік жанкүйер пара спорттың классификациясын көп түсіне бермейді. Жалпы, пара спорттағы классификация қалай реттеледі? Жеңіл және қиындау түрлері бола ма? Егер болса, оған қандай түрлер жатады?
— Пара спортшыларды классификациялау – паралимпиадалық спорт түрлерінде мүмкіндігі шектеулі спортшылардың өзара әділ жарысу мүмкіндігін реттейтін жүйе. Классификация спортшыларға бір-бірімен тең жағдайда бақ сынауға мүмкіндік беріп, олардың жарақаттары спорт түрінің талаптарына сәйкес келетінін растайды.
Классификацияның негізгі екі міндеті бар:
• Спортшының жарысқа қатысуға жарамдылығын анықтау;
• Спортшыларды жарысқа қатысу үшін топтастыру.
Айта кету керек, классификация процедурасы жарыс алдында 1-2 күн бұрын өткізіледі. Классификацияны арнайы классификаторлар жүргізеді. Классификаторлар спорт түрлеріне қарай ерекшеленеді. Ережеге сәйкес, әрбір спортшыны 2 маман тексереді — 1 медициналық классификатор және 1 спорттық-техникалық классификатор. Олар арнайы оқудан өтіп, спортшыларды классификациялау құқығын алады. Спортшылардың белгілі бір класын анықтау немесе спортпен шұғылдануға рұқсат бермеу мәселесі бойынша шешім халықаралық классификаторларға тиесілі. Спорт түрлері бойынша классификация ережелері халықаралық федерациялардың веб-сайттарында ашық қолжетімді.
2013 жылы Халықаралық Паралимпиадалық комитет (ХПК) паралимпиадалық спорт түрлеріне қатысуға мүмкіндік беретін ағза зақымдануының 10 түрін бекітті:
1. Бұлшықет күшінің зақымдануы – бұлшықет немесе бұлшықет топтарының күшінің төмендеуі (мысалы: параплегия, квадриплегия, бұлшықет дистрофиясы, полиомиелит салдары, ашық жұлын жарығы).
2. Пассивті қозғалыс ауқымының зақымдануы – бір немесе бірнеше буындағы қозғалыс көлемінің шектелуі (мысалы, артрогрипоз). Алайда буындардың шамадан тыс қозғалғыштығы немесе артрит сияқты қабыну жағдайлары рұқсат етілген жарақаттар қатарына жатпайды.
3. Қол-аяқтың жетіспеуі – сүйек немесе буынның толық немесе жартылай болмауы (мысалы, ампутация, сүйек ісігі нәтижесінде немесе туа біткен ақау — дисмелия).
4. Аяқ-қол ұзындығының айырмашылығы – төменгі аяқ-қол сүйегінің туа біткен немесе жарақат салдарынан қысқаруы.
5. Бойдың аласа болуы – қол, аяқ немесе дене сүйектерінің қалыптан тыс дамуына байланысты бой биіктігінің төмендеуі (мысалы, ахондроплазия, өсу гормонының жеткіліксіздігі).
6. Бұлшықет гипертонусы – бұлшықет кернеуінің жоғарылауы және созылу қабілетінің төмендеуі. Бұл жағдай орталық жүйке жүйесінің зақымдануы салдарынан дамиды (мысалы, инсульт, жарақат немесе рассеянный склероз). Балаларда 2 жасқа дейін пайда болса, ол церебралды сал ауруы ретінде тіркеледі.
7. Атаксия – қозғалыстардың үйлесімсіздігімен сипатталатын жүйке жүйесінің зақымдануы (мысалы, инсульт, жарақат немесе рассеянный склероз салдары).
8. Атетоз – еріксіз, бақыланбайтын қозғалыстар және дене қалпын симметриялы ұстаудағы қиындықтармен сипатталатын жағдай.
9. Көру қабілетінің бұзылуы – көздің құрылымы, көру жүйкелері немесе көру жолдарының зақымдануы, сондай-ақ ми қыртысының көру аймағының бұзылуы нәтижесінде дамитын көру қабілетінің шектелуі.
10. Интеллектуалдық бұзылу – ойлау және бейімделу қабілетінің шектелуі, ол 18 жасқа дейінгі кезеңде пайда болады және адамның концептуалды, әлеуметтік және практикалық дағдыларына әсер етеді.
— Пара спортшылар үшін елімізде қандай жағдай жасалған? Ұлттық құрама мүшелерінің жүріп-тұруына қатысты басымдықтар бар ма? (мәселен, мүгедектерге арналған такси)
— Астанада халықаралық стандарттарға сай Паралимпиадалық жаттығу орталығы және қысқы спорт түрлеріне арналған мұз айдыны бар. Осындай қысқы орталық Талдықорғанда да бар. Алматы мен Ақтөбеде де осындай нысандар салынып жатыр. Сонымен қатар, Астанада инклюзивті спорт орталығы, бейімделген бассейн салу жоспарланған.
Сондай-ақ, мүгедектігі бар спортшылар үшін барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында заңнамаға түзетулер енгізілді. Солардың бірі – I топтағы мүгедектігі бар спортшылардың сүйемелдеушісіне қатысты ұғым заң жүзінде осы жақында бекітілді. Енді I топтағы мүгедектігі бар спортшылардың оқу-жаттығу жиындарына, жарыстарға қатысу кезінде сүйемелдеуші шығындарын мемлекет есебінен өтейді. Бұл спортшыларымыздың алаңсыз дайындалуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, спортшылардың жүріп тұруына инватакси көлігін өңірлерде тұрақты жұмыс істеуде.
— Өзім спортшылар арасында жанұя құрып, шаңырақ көтерген біраз адамды білемін. Параспортшылар арасында да мұндай үрдіс бар шығар?
— Спорт әртүрлі қызығушылықтары мен өмірлік көзқарастары әрқилы адамдарды біріктіреді, кейде тіпті тағдырларды тоғыстырады. Бізде пара және сурдо спортында жұп болып, отбасы құрған спортшылар бар. Олардың бірі — пара жеңіл атлетикадан Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Дастан Мукашбеков пен пара оқ атудан Токио-2020 Паралимпиадасының қатысушысы Айсұлу Мукашбекова. Сондай-ақ, сурдо дзюдодан әлем чемпионатының жеңімпазы және күміс жүлдегері Асхат Адамбаев пен Дина Иржанова, пара пауэрлифтингтен Паралимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Давид Дегтярев пен жұбайы, пара пауэрлифтингтен 2022 жылғы Азия чемпионы Валерия Смирнова.
— Осы маусымда пара спортшылар қатысатын ең ірі жарыстар қандай?
— Биыл паралимпиадалық, сурдлимпиадалық, паралимпиадалық емес спорт түрлерінен: 54 ел біріншіліктеері мен кубоктары, 23 әлем чемпионаты, 15 әлем кубогы, 17 Азия чемпионаты мен 15 халықаралық жарыс жоспарланған. Мамыр айында елімізде тұңғыш рет пара дзюдодан әлем чемпионаты өтті. Ал қыркүйекте елімізде пара хоккейден екінші мәрте әлем чемпионаты ұйымдастырылмақ. Желтоқсанда жас пара спортшылар Дубайда өтетін жастар арасындағы Пара Азия ойындарына қатысады.
Сонымен қатар биыл есту қабілеті зақымдалған спортшылар арасында төртжылдық циклдың басты додасы жазғы Сурдлимпиада ойындары бар. Ол 15-26 қараша аралығында Токио қаласында өтеді.
Ақырыс Сейтқазы