
Дзюдодан Қазақстан әйелдер командасының көшбасшысы Абиба Әбужақынова мақсатты түрде әлем біріншілігіне дайындалып жатыр. Бұл туралы ол Sportbugin.kz тілшісіне мәлімдеді.
«Бүгінде ұлттық құрамамен бірге оқу-жаттығу жиынындамын. Мақсатым — әлем чемпионатында сәтті өнер көрсету. Жаттығу ойдағыдай өтуде.
Әлем біріншілігіне қатысатын болғасын, Астанадағы Grand Slam додасынан сырт қалдым», — дейді спортшы.
Сондай-ақ, Абиба Әбужақынова дзюдодан ұлттық құрамаға келген кеңесші мамандар жайлы пікірін айтты.
«Қазіргі бапкер Роберт Мшвидобадзе маған жақсы көмектесіп жүр. Менің күресім де оған ұнайды. Ал құрамаға келген мамандардың өзі нәтижені екі жылдан кейін көрсетеміз деді. Алғашқы 3-4 айда қорытынды шығаруға ерте шығар. Шетелдік мамандарға мен баға бермеймін, сондықтан, бәрін өз уақытында көреміз деген ойдамын. Құрамаға келген кеңесшілердің әдісі бойынша жас спортшыларды дайындап шығаруға болады. Ал менің күресім бір қалыпқа түскен, қойылған. Сондықтан, мен бұрынғы Абиба болып қала беремін», — дейді Әбужақынова.
Айта кетелік, Абиба Әбужақынова әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш Grand Slam жүлдегері. Париж Олимпиадасында ол алғашқы бестікке енген.