
Елордалық «Барыс» хоккей клубының бас бапкері қызметіне отандық маман, Қазақстан хоккейінің мақтанышы Талгат Жайлауовтың тағайындалуы мүмкін екені белгілі болды. Бұл ақпарат хоккей әлемінде қызу талқыланып, жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық туғызуда, деп хабарлайды sportbugin.kz
39 жастағы Талгат Жайлауов — қазақстандық хоккейдің аңызға айналған есімі. Ол ұлттық құрама сапында да, клубтық деңгейде де ел намысын абыроймен қорғап, ойыншы ретінде биік жетістіктерге жеткен спортшы. Спорттық мансабын аяқтаған соң, бапкерлік жолға бет бұрып, соңғы екі маусым бойы «Барыс» клубының жаттықтырушылық құрамында жұмыс істеп келді. Жайлауовтың хоккей философиясы, ойынға деген көзқарасы мен жастарға сенім артуы – мамандар тарапынан жоғары бағаланып жүр.
Клуб басшылығы ауысқан соң, команданың даму стратегиясы да қайта қаралып жатыр. Жаңа басшылық құрам жас әрі заманауи ойлайтын отандық мамандарға мүмкіндік беруді көздеп отыр. Осы тұста Жайлауовтың кандидатурасы алдыңғы қатарға шыққан.
Ресми түрде ешқандай ақпарат жарияланбағанымен, клубқа жақын дереккөздердің мәліметінше, Жайлауов пен «Барыс» басшылығы арасында келіссөздер басталып кеткен.
Өз адамы — өз мұз айдынында
Талгат Жайлауовтың «Барыс» клубының тізгінін ұстауы — қазақ хоккейі үшін тарихи әрі стратегиялық шешім болмақ. Бұл шешім — шетелдік мамандардан жергілікті бапкерлерге бет бұру, яғни отандық спортты өз кадрлар арқылы дамытуға деген қадам. Егер бұл тағайындау расталса, Жайлауовтың көшбасшылығымен «Барысты» жаңа деңгейге көтерілуге толық мүмкіндік бар.
Жумадилова Марал