
Таиландтың Бангкок қаласында бокстан U19 санаты бойынша ерлер арасындағы Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстан еншісінде 1 алтын бар, деп жазады Sportbugin.kz.
Қазақстандық боксшылар бес финалда бақ сынап, бір алтын және төрт күміс медальға ие болды. Командаға жалғыз алтынды сыйлаған — Расул Ассанханов (90 келі). Ол финалда үнділік боксшыны жеңіп, чемпион атанды.
Ал Әділет Тортубек (60 келі), Бибарыс Әшірбай (70 келі), Тимур Тайбеков (80 келі), Нұрсұлтан Қыстаубай (85 келі) финалда қарсыластарына есе жіберді. Соңғы үш боксшымыз Өзбекстан өкілдеріне жол бергенін айта кету керек.
Осылайша, U19 санатында Қазақстан құрамасының қоржынында бір алтын, төрт күміс және бір қола медаль бар. Бұған дейін 75 келіге дейінгі салмақта Нұрсұлтан Шілдебай қола иеленген болатын.