Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында жасөспірімдер арасындағы жазғы пара Азия ойындары аяқталды. Аталған сында Ақтөбе облысының спортшылары жалпы есебі алты медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Құрлықтық кешенді ойындарда Ақтөбе облысынан үш спортшы ел намысын қорғады. Атап айтар болсақ, Мелена Азикина (пара пауэрлифтинг), Әсия Мұрзағалиева (жүзу) және Асан Аслан (пара жеңіл атлетика) жүлде үшін таласқан болатын.
Нәтижесінде, Әсия Мұрзағалиева пара жүзуден 5 медаль жеңіп алды. S10 класс санатында сынға түскен ол 50 метрге еркін стильде жүзуден алтын медаль, 400 метрге еркін стильде жүзуден күміс медаль, сондай-ақ 100 метрге еркін стильде, 100 метрге арқамен жүзуде және 4×50 метрлік аралас эстафетада үш қола медаль иеленді.
Ал пара пауэрлифтинген сынға түскен Мелена Азикина 61 келіде күміс жүлдеге қол жеткізді.

Асан Аслан пара жеңіл атлетика бойынша Т20 класс категориясында 400 метр және 1500 метр қашықтықтарға жүгіру жарыстарына, сондай-ақ ұзындыққа секіру сайысына қатыстып, алғашқы ондықтан көрінді.
Айта кетелік, пара Азия ойындарына құрлықтың 45 елінен 1300-ден астам спортшы қатысып, спорттың 11 түрі бойынша 481 медаль жиынтығы сарапқа салынды.
